ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ТҮРКІ АКАДЕМИЯСЫ БАСЫП ШЫҒАРҒАН КІТАПТАРДЫҢ ТҰСАУКЕСЕРІ

2018 жылғы 31 қазан күні, 16-00 сағатта Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының кітапханасында «Рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасының аясында Халықаралық Түркі академиясы басып шығарған «Жамиғат-ат тауарих» және «Зикзал» кітаптарының тұсаукесері өтеді.

Басылымның тұсаукесеріне Қазақстан Республикасы Президенті Кеңсесінің бастығы, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті –Елбасы   кітапханасы директорының м.а. Махмұд Қасымбеков, «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев, Халықаралық түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі, Қазақстан Республикасының Қоғамдық даму вице-министрі Берік Арын, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов, Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары, қоғамдық қайраткерлер, ғалымдар, мемлекеттік органдардың өкілдері және т.б қатысады.

5 томнан тұратын Рашид ад-Диннің «Жамиғат-ат тауарих» атты кітабы алғаш рет қазақ тіліне аударылып, танымал қазақстандық ғалымдардың пікірлерімен қамтылған. «Жамиғат-ат тауарих» - парсы тілінде жазылған ортағасырлық тарихи әдебиеттің аса маңызды ескерткіштерінің бірі. Бұл үлкен тарихи энциклопедия. Бұл «Жылнама жинағы» әртүрлі тайпалар мен халықтар туралы тарихи деректерді қамтиды, онда ертедегі Моңғолия, Шығыс Түркістан, Иран, Орталық Азия, күнгей Кавказ, Поволжье мемлекеттері мен халықтары туралы құнды тарихи мәліметтер бар.

Тарих білгірлерінен алынған ауызша ақпараттан басқа «Жамиғат-ат тауарих» еңбегінде төмендегідей дереккөздер қолданылған: XI ғасырдың түрік энциклопидияшысы Махмұд Қашғаридің «Диуани лұғат ат-түрік» (Түркі тілдерінің сөздігі); парсы тарихшысы Жувейнидің «Тарих-и жаһангушай» (Әлемді бағындырушының тарихы); моңғол тілінде жазылған Шыңғыс хан және оның ата-бабалары мен мұрагерлерінің ресми тарихы баяндалған Алтан дэбтэр (Алтын шежіре) кітабының бөлігі.

XIX ғасырдағы танымал ғалым-энциклопедист Бекасыл Биболатұлының «Зикзал» атты кітабынан ислам дінінің қағидаларымен, Құран тәпсірлерінің мағынасы мен астарындағы құпияларымен, хадис ілімдерінің қасиеттерімен және пайғамбарлар тарихына қатысты деректермен танысуға болады.

Бұл басылымдардың ең басты ерекшелігі – парсы тілінде жазылған түпнұсқадан  тікелей қазақ тіліне аударылған.