Қ. Әжібекұлының «Асыл арман» атты жеке көрмесі

20 ақпан – 15 наурыз 2013 ж.

Қ. Әжібекұлының «Асыл арман» атты жеке көрмесі

      Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің Музейінде белгілі кескіндемеші, ҚР Суретшілер Одағының мүшесі Қазақбай Әжібекұлының «Асыл арман» атты жеке көрмесі өтті. Өзінің мағыналық және көркемдік мазмұны жағынан «Астана таңы» кескіндемесі экспозицияның басты туындысы ретінде алынды. Астана құрылысының алғашқы жылдарында салынған кескіндеме жаңа Қазақстан, жаңа қоғам, жаңа Көшбасшы – дәуірлер тоғысында дүниеге келген Арманды іске асырушылардың бейнесін айқын көрсетеді. Экспозицияда суретшінің бастапқы және қазіргі шығармашылық кезеңінде дүниеге келген 40-тан астам туындысы ұсынылды.
      Қ. Әжібекұлы - өзіндік қолтаңбасы бар автор, көптеген жүлделердің лауреаты, соның қатарында Ә. Қастеев атындағы арнайы сыйлықтың (1999 ж.), ҚР Үкіметінің «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері (2001 ж.), ҚР Президенті стипендиясының (2009 ж.) және Мемлекеттік стипендияның (2010 ж.) лауреаты. Соңғы жетістіктерінің қатарында – «Қазақ халық эпосы. Қазақ халқының тарихы мен салт-дәстүрлері» (Алматы қ., 2012 ж.) байқауындағы жеңісі де бар.