Қалалық дебаттық турнир өткізді

2017 жылы 28 наурызда Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Кітапханасы Астана қ. Білім беру басқармасымен бірлесіп «Лидерлік қасиет пен кәсібилікке тәрбиелеудегі әлеуметтік институттардың рөлі» жобасы аясында оқушылардың арасында қалалық дебаттық турнир өткізді. 

Турнирдің мақсаты: тәуелсіз Қазақстан тарихының өзекті мәселелерін саралау барысында өзіндік шешім қабылдау және ақиқатқа жетудегі сыни ойлау стратегиясын игеру дағдысын дамыту.

2017 жылғы 31 қаңтардағы Жолдауында Мемлекет басшысы «Биылғы жылы Астанада «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі өтеді. Біз ТМД және Орталық Азия елдерінде әлемдік ауқымдағы маңызды іс-шараны бірінші болып өткіземіз» деп атап көрсеткен болатын.

Осыған орай, дебат аясында спикерлердің Астана қаласында «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесін өткізу, қоғамдағы тұрақтылықты сақтау және т.б. сияқты мәселелерді талқылауы кездейсоқ емес.

Турнирге астаналық мектептердің 44 командасы қатысты. Жеребе салу арқылы қатысушылар «Үкімет» немесе «Оппозиция» тарабын таңдады және өздерінің ой-пікірлерінің дұрыстығын дәлелдеуге тырысты. Барлық ұсынылған тақырыптардың талқылануы өткір әрі қызықты болды.

Турнирдегі сот коллегиясына тәжірибелі дебатшылар – Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Еуразиялық гуманитарлық институт, С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті, ҚазГЗУ студенттері, студенттік және қоғамдық ұйымдардың өкілдері, қалалық және республикалық деңгейдегі дебаттық турнирлердің жеңімпаздары басшылық жасады.

Қорытындысында қазақ лигасындағы орындар келесі көрсетілгендей орналасты:

І орын – «Марғұлан шәкірттері» (№ 40 орта мектеп);

ІІ орын – «Авангард» (№ 38 мектеп-лицей);

ІІІ орын – «Номад» (№ 65 мектеп-лицей).

Орыс лигасында:

І  орын – «Феномен» (№ 38 мектеп-лицей);

ІІ орын – «Steel Pauer» (№ 3 мектеп-гимназия);

ІІІ орын – «Щеглы» (№ 3 мектеп-гимназия).

Қатысушылар өздерінің көзқарастарын белсенді қорғады, дәлелдер мен аргументтер келтірді, сұрақтар қойды, мәселелердің шығу жолдарын ұсынды. Турнирдің барлық қатысушылары практикалық тәжірибе мен үлкен оң әсер алды.

Турнир № 53 мектеп-лицейі базасында өткізілді. Директоры Абдрасилов Қазбек Жакенұлы басшылық жасайтын аталмыш мекеме педагогикалық ұжымының дебатты өткізуге қолдау көрсеткен нақты жұмысын атап өту қажет. Елорда оқушыларының арасында дебаттық қозғалысты дамытудың белсендісі – № 53 мектеп-лицейі тарих пәнінің мұғалімі Әлиев Ербол Ермаханұлына алғысымызды білдіргіміз келеді.

Дәстүр бойынша барлық балалар «Ақиқат» дебаттық турниріне қатысушылардың сертификаттары мен естелік сыйлықтарын алды.