«Қазақстан әлемдік қоғамдастықта» атты көрме ашылды

2009 жылдың 24 қыркүйегінде сағат 11.00-де Теміртау қаласының тарихи-өлкетану музейінде ҚР Тұңғыш Президенті Музейінің қорынан ұйымдастырылған «Қазақстан әлемдік қоғамдастықта» атты көрме ашылды.
      Көрменің мақсаты еліміз ұстанып отырған көп векторлы сыртқы саясаттың негізгі бағыттарын, Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету қарсаңында әлемдік қоғамдастықтағы орны мен рөлін көрсету болып табылады.
      Бұл тақырып Н.Ә. Назарбаевтың Жеке мұрағатынан алынған материалдар мен музей жинақтары коллекциясынан алынған жәдігерлер арқылы алуан қырынан ашылған. Экспозициядан әлемнің 22 елінен сыйға тартылған 130 жәдігерді көруге болады, олардың басым бөлігін Қазақстан Республикасының Президентіне мемлекеттер мен үкіметтер басшылары, қоғамдық ұйымдар мен ірі компаниялардың жетекшілері тарту еткен. Олардың арасында қазіргі саяси және мемлекеттік қайраткерлер сыйжазбаларын қалдырған кітаптар, құттықтау жолдаулар, құжаттар мен фотосуреттер бар. «Оралдың жарқырауық асыл тастары», «Аққұтандар» атты айналмалы панносы, «Самурай» қуыршағы секілді кәдесый композициялары келушілердің айрықша қызығушылығын тудырса, нумизматикамен әуестенушілерді Сингапур маркілері, АҚШ Президенті Б.Обаманың суреті салынған монета және т.б. қызықтырады.
      Көрменің салтанатты ашылу рәсімінде ҚР Тұңғыш Президенті Музейінің директоры А.Сағынғали, Теміртау қаласы әкімі аппаратының басшысы Г.Ш. Тұяқов құттықтау сөз сөйледі.
      Көрме 2009 жылдың 25 қазанына дейін жұмыс істейді.