«Қазақстан әлемдік қоғамдастықта» атты көрменің салтанатты ашылуы өтті

  2009 жылдың 26 қарашасында облыстық мәдениет басқармасының қолдауымен Алматы облысы әкімінің «Бейнелеу өнері галереясында» (Талдықорған қаласы) Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Музейінің (Астана қаласы) қорынан ұйымдастырылған «Қазақстан әлемдік қоғамдастықта» атты көрменің салтанатты ашылуы өтті.
      Көрме мазмұнының негізін АҚШ, Қытай, Ресей, Үндістан, Еуропалық Одақ елдері, Азия-Тынық мұхит өңірлері, мұсылман елдері және ТМД республикалары секілді әлемдік державалардың басшылары сыйға тартқан тартулар құрайды.
      Көрмеге шетелдік сапарлар мен форумдар кезінде әлемнің 32 елінен еліміздің Президентіне сыйға тартылған 224 экспонат қойылған. Олардың арасында күміс және фарфордан жасалған сәндік табақтар, сыйға берілетін коллекциялық монеталар мен маркалар жиынтығы, ұсақ пластика бұйымдары және басқалар бар. Бұл экспонаттар келушілердің басқа халықтардың мәдениетімен жақынырақ танысуына мүмкіндік береді.
      Бұл күні музейде шығармашылық және ғылыми қауым өкілдері, музей достары жиналды. Барлық қатысушыларды көрменің ашылуымен Алматы облыстық Қазақстан Халқы Кіші Ассамблеясы төрағасының орынбасары Ғабитолла Жүрсінбай құттықтады. ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, О. Г. Дымов пен ҚР Тұңғыш Президенті Музейі директорының орынбасары К.Қ. Ақтаева құттықтау сөз сөйледі. Салтанатты рәсімге Алматы облысы филармониясының әртістері көрік берді.
      Тұңғыш Президент Музейінің қорынан ұйымдастырылған көрме 2009 жылдың 26 қарашасынан 19 желтоқсанына дейін жұмыс істейді.