«Қазақстан әлемдік қоғамдастықта» көрмесі

      2010 жылдың 22 сәуірінде Шығыс Қазақстан облыстық Невзоровтар отбасы атындағы бейнелеу өнері музейінде Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Музейінің (Астана қаласы) қорынан ұйымдастырылған «Қазақстан әлемдік қоғамдастықта» көрмесі ашылды.
      Көрменің ашылу салтанатына облыстық мәдениет басқармасының бастығы М.Ш. Тойкенов, қалалық мәдениет басқармасының бастығы К.Ж. Нұрқасым, Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Музейі директорының орынбасары К.Қ. Ақтаева, Шығыс Қазақстан облыстық Невзоровтар отбасы атындағы бейнелеу өнері музейінің директоры Т.А. Стромская, Семей қаласы музейлерінің, қаланың мәдени мекемелерінің директорлары қатысты.
      Көрменің мақсаты Қазақстанның қазіргі әлемдік қоғамдастықтағы орны мен рөлін, егемендікке қол жеткізген кезеңдегі жетістіктерімізді тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қызметі тұрғысынан көрсету болып табылады.
      Көрмеге қойылған 228 экспонат Қазақстанды әлемдік қоғамдастықтың тең құқылы мүшесі ретінде танудың айғағы болып табылады. Сонымен қатар бұл - Қазақстан Президентінің жеке өз басына және қазіргі Қазақстанның қалыптасу әрі әлемдегі бәсекеге қабілетті елу елдің қатарына кіру жолындағы көп қырлы қызметіне көрсетілген құрмет белгісі.
      Көрменің негізгі мазмұнын АҚШ, Қытай, Ресей, Үндістан секілді әлемдік державалардың, Еуропалық Одақ, Азия-Тынық мұхиты аймағы, мұсылман және ТМД елдерінің басшылары сыйлаған сый-сыяпаттар ашады. Олардың қатарында ҚХР Төрағасы Ху Цзиньтао сыйлаған, асқан нәзіктікпен жібекке кестеленіп орындалған панно, Ресей Федерациясының бұрынғы Президенті В. Путин сыйға тартқан әшекейленген күміс қобдиша, Ұлыбритания Королевасы II Елизавета тарту еткен алтыннан жасалған үстел сағат және т.б. бар.
      Күміс және фарфор сәндік табақтар, монеталар мен маркілер коллекциясының сыйлық жиынтықтары, ұсақ пластикадан жасалған бұйымдар және басқа да экспонаттар көрушілердің басқа халықтардың мәдениетімен жақынырақ танысуына мүмкіндік береді.
      Көрме 2010 жылдың 22 сәуірінен 14 мамырына дейін жұмыс істейді.