ҚАЗАҚСТАН БІЛІМ ҚОҒАМЫ ЖОЛЫНДА

Қадірлі Ел жастары!

Білім жолындағы жас қырандар! Оқытушылар мен студенттер!

Сіздермен кездесіп, ой бөлісетін дәстүрлі дәріс мен үшін үлкен қуаныш!

Жаңа оқу жылы құтты болсын, берекелі, табысы мен жеңісі мол жыл болсын!

Ықылым замандардан қалған «Білекті бірді жығады, білімді мыңды жығады» деген аталы сөз бар.

Қазақтың бұл мақалының өзектілігі бүгінгі таңда тіптен айрықша.

Бұл заман білекке сенетін емес, білімге сенетін заман.

Заманауи әлемде елдің қуаты ең алдымен азаматтарының білімімен өлшенеді.

Сол білімді әжетке, тұрмыс игілігіне жарата білуімен бағаланады.

Инемен құдық қазғандай, қиын да күрделі, орасан қажыр-қайрат пен ерік-жігерді талап ететін білімсіз – өмір тұл.

Терең білім – тәуелсіздігіміздің тірегі, ақыл-ой – азаттығымыздың алдаспаны.

Құрметті оқытушылар мен студенттер!

Біздің Университет қазір үлкен жолдың ең басында ғана тұр.

Бірақ қазірдің өзінде халықаралық өлшем бойынша өзінің жоғары оқыту үлгі-қалыптары мен ғылыми-зерт­теу­лерін құруда.

Мұнда білім беру және ізденіс құн­дылықтары мен дәстүрлердің жүйесі қалыптастырылу үстінде.

Бұған қазір тек қазақстандық ЖОО қоғамдастығы ғана емес, сондай-ақ біздің барлық білім беру жүйесі бағ­дар ұстап отыр.

Осыдан бірнеше жыл бұрын, Уни­верситетімізді жоспарлап, салуды енді ғана бастаған кезде біз оның Қазақ­стандағы ең озық ЖОО болғанын қаладық.

Жаңа ЖОО қажет болатын.

ХХІ ғасырдағы қазақстандық жоға­ры мектептің болашақ үлгісі бола алатын жаңа ментальді көшбасшы ЖОО.

Осылайша мен өзімнің есімімді беруге келіскен ғаламат Университет пайда болды.

Университеттің әлеуеті тұрақты түрде нығайып келеді.

Бүгінде мұнда бір жарым мыңнан астам студент білім алуда.

Осы жылы конкурс бір орынға оннан астам адамды құрады.

Мұнда лекцияны әлемнің жетекші университеттерінен келген профессорлар оқиды.

Өмір туралы ғылым орталығында, Энер­гетикалық зерттеулер орталығы мен Тәртіпаралық орталықта ғылыми қыз­меттер қарқын ала түскен.

Мұнда 70 шақты ғылыми-техни­ка­лық жоба жүзеге асырылып жатса, жыл соңына дейін олардың саны 100-ге дейін өседі.

Әлемнің беделді ғылыми басылымдарында ғылыми еңбектер жарық көріп жатыр.

Қазірдің өзінде өнертапқыштық үшін 4 патент алынған.

Біз университетті әрі қарай да дамыта беретін боламыз. Бүгінде біз Білім беру мектебін ашамыз. Жыл соңына дейін Бизнес мектебі мен Мемле­кет­тік саясат мектебін ашуды жоспарлап отырмыз.

Біз Медициналық және Тау-кен мектептерін ашатын күн де алыс емес.

Мұнда, университеттік білім беру көшбасшысының қабырғаларында, елі­міздің жаңа болашағы, мемлекетіміз­дің жаңа элитасы дүниеге келуде.

Қазақстандықтарға бейбітшілік пен сенімді өркендеуді қамтамасыз ете отырып, Қазақстанды ХХІ ғасырда дамыту міндеті тұрғандар дүниеге келуде.

Бүгін менің лекциямды біздің кең байтақ еліміздің барлық түкпірлерінде миллиондаған жоғары сынып оқу­шы­лары мен студенттер тыңдауда.

Бүгін мен сіздермен қол жеткен табыстар мен қиын тәжірибелерге арқа сүйей отырып, еліміздің алға қарай табысты ілгерілеуін жалғастыру үшін біздің бәрімізге білім беруде, ғылым­да, экономика мен саясатта жаңадан не істеу керектігі туралы ой-тол­ға­мыммен бөліспекпін.

20 жылдық табысты және тұрақты дамуында Қазақстан өзінің басты тарихи мақсатына жетті.

Ғасырларға созылған тарихында тұңғыш рет байырғы қазақ жерінде абсолютті халықаралық легитимді­лік­ке ие мемлекет орнады.

Танылған мемлекеттік егемендік – бұл аса зор және аса қымбат ресурс екенін айтуға тиіспін.

Осы жылдар бедерінде еліміз осы егемендік пен саяси салмақты жеңіп алу және мойындату үшін жұмыс істеді.

20 жыл өткенде мақсат орындалды.

Тәуелсіздік жылдарында, яғни тек бір ұрпақ шеңберінде, Қазақстан дамушы елден табыс деңгейі орташа және экономикасы өсу үстіндегі елге айналды.

Өмір сапасы еселеп жақсарды, өйткені, біз әу бастан қазақстандықтар өмірінің жоғары үлгі-қалыптарына ба­ғыт алдық.

Мәселен, кедейлік деңгейі соңғы он жылда 4 есе қысқарды.

Теңгермелі сыртқы саясат Қазақ­станға әлемдік аренада үлкен табысқа қол жеткізуге мүмкіндік берді.

Адам ресурсына ұзақ мерзімді және ойластырылған салымдар бізге талантты және, мен сенімдімін, табысты жас ұрпақты сыйға тартты.

Біз сіздер кәсіпқойлар болып, Жер шарының кез келген бұрышында сұ­ра­нысқа ие, Қазақстанға ХХІ ғасырда табыс пен игілікті қамтамасыз ете алу үшін сіздердің оқуларыңыз бен өз-өздеріңізді жетілдіруге барынша қо­лай­лы жағдайлар туғыздық.

Бұл, қажет деп тапсаңыздар, сіздер­дің болашақ миссияларыңыз және сіз­дердің аға буын алдындағы жауап­кершіліктеріңіз.

Құрметті аудитория!

Осы ғасырдың алғашқы онжылдығы халықаралық лаңкестіктің тұтануы­мен басталды, ал содан кейін ұзақ он­жыл­дықтар бойы қалыптасқан әлемдік экономикалық тәртіпті бұзған, ауқымы жөнінен адам айтқысыз жаһандық дағдарыс төбеден төнді.

2007 жылы АҚШ-та басталған дағ­да­рыс 2008 жылы Еуропаға аяқ басса, оны осы уақытқа дейін экономикалық қыспағынан шығармай келеді.

Бүгін әр ел жаңа жаһандық ортадан қайта-қайта өзінің орнын іздеп, бә­се­кеге қабілетті болып қалу үшін өзін өзгертуге мәжбүр.

Қазір әлемдік экономикалық құ­ры­лыстың моделі қайта пайымдалып, тұтыну экономикасы мен әлемдік қар­жы­ның негіздері трансформациялануда.

Планетаның бүкіл тарихындағы аса ірі жаһандық қаржы-экономикалық дағ­да­рыс әлі еңсерілген жоқ.

Ол барлық елдерге, соның ішінде Қазақстанға да күшті ықпал етуін жал­ғастыруда.

Және күн тәртібіне жаһандық саяси қозғалыстар, қуат көздері бағасының күлдіреуі мен ресурстық жанжалдар сияқты сыртқы тәуекелдер шықты.

Жаңа тәртіп өз ішінде әр елдің ішкі қауіпсіздігі үшін де сын-қатерлер туындатуда.

Осының барлығы көптеген елдерде әлеуметтік қысымға, тәртіпсіздіктерге аран­­датуға, дінаралық жанжалдарға және сондай-ақ лаңкестік ұйымдар тарапынан қатерлерге алып келуі ықтимал.

Біздің міндетіміз – осы тәуекел­дер­ді барынша төмендету, сондықтан қа­зір еліміз үшін барлық маңызды бағыт­тар бойынша жүйелі жұмыс жүргізу­деміз.

Біріншіден, прагматикалық сыртқы саясатта негізгі екпін:

– жаңа өзара қарым-қатынас пен әріптестікті дамытуға;

– экономикалық дипломатияға;

– Қазақстанның өңірлік қауіп­сіз­діктегі рөлін одан әрі нығайтуға түсірілетін болады.

Түбегейлі дағдарысты басынан ке­шіп жатқан халықаралық қоғамдас­тық­та Қазақстанның нені қалайтынын білетініне; нені ұсына алатынын бі­летініне; мәселенің бағасын жақсы есеп­тейтініне және өзінің міндеттеме­лерін әрқашан орындайтынына күмән болмауы тиіс;

Екіншіден, дамудың жаңа кезеңінің экономикалық саясаты инвестициялық саясатқа айтарлықтай түзетулерді болжамдайды.

Инвестициялар барынша қайтары­мы болатын бағыттарға жұмсалады.

Қазақстанның қазіргі заманғы экономикалық моделінде пайда мен инвестицияларды қайтару үрдістері озық әлемдік корпорациялардағы сияқты болады.

Біз қазір халықаралық экономи­ка­лық ынтымақтастыққа жаңа қа­дамдарды айқындаудамыз.

Өсудің жаңа нүктелері шағын және орта кәсіпорындар болады.

Осының барлығы жаңа қазақ­стандық индустрия үшін өте маңызды.

Қазақстанның негізгі стратегиялық басымдықтары – бұл шикізат ресурстары.

Қазір біз еліміздің жаңа экономи­калық өсімін қалыптастыру үшін энер­гетикалық және өндіруші салаларды тиімді пайдалану, аталған салалардың өнімділігі, өнім көлемі мен табысты барынша арттыру мәселелерін қарас­тырудамыз.

Тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін біз әлеуметтік қамсыздандыру, еңбек және еңбекпен қамту саясатын оңтайландырамыз.

Денсаулық сақтауда басталған реформаларды жалғастырамыз.

Тұрғын үй құрылысы, су қауіп­сіз­ді­гін қамтамасыз ету жоспарларын қайта бағдарлаймыз.

Жаңа кезеңде әкімшілік реформа өте маңызды.

Осы блокта орталықсыздандыру, жеке меншікті қорғау, келісім-шарт­тық қарым-қатынас институттарын нығайту, заң алдындағы теңдікті қам­тамасыз ету мәселелері қарастырылуда.

Осы негізгі бағыттар Қазақ­стан­ның жаңа әлемдік тәртіп жағдайын­дағы Жаңа даму бағытын айқын­дайды.

Қазір ол Үкіметпен және сарапшылармен жасалу үстінде.

Қымбатты достар!

Бүгін қазақстандықтар – жас және серпінді ұлт. Біздің азаматтарымыздың орта жасы 35-тен аспайды.

2005 жылы басталған туу қарқыны, болжам бойынша, 2016 жылға дейін жалғасады.

Балалар бұған дейінгі жылдардан 1,2 миллионға көп болады.

Олар Қазақстанның жаңа болашақ құрушыларының эстафетасын іліп әкетеді.

Біз қазірдің өзінде олардың толық­қанды дамуы үшін барлық жағдайды жасауға тиіспіз.

Өздеріңіз білетіндей, Қазақстан халқы Ассамблеясының ХІХ сессиясында мен мемлекеттік жастар саясатын күшейту бойынша бірқатар тапсырма бердім.

Қазірдің өзінде Жастар істері жө­ніндегі комитет құрылған.

Барлық өңірлерде жастар істері жөніндегі басқармалар жасақталуда.

2020 жылға дейінгі кезеңге арнал­ған Жастар саясатының жаңа тұжы­рымдамасын жасау жүріп жатыр.

Жас қазақстандықтар азамат дегені­міз – бұл тек құқық қана емес, бірінші кезекте өзі, өзінің отбасы және біздің Отанымыз үшін ұлы жауапкершілік екенін есте ұстаулары тиіс.

ХХІ ғасырда қазақстандықтар Ұзақ жасаушылар Ұлты болуы тиіс.

Көп жағдайда денсаулық тек медицинамен байланыстырылады.

Денсаулықты бірінші кезекте адамның өзі қалыптастыруы керек.

Мен сіздерді және барлық студент­терді біздің олимпиадашыларымыздың жеңісі құрметіне зиянды әдеттерден бас тартуға шақырамын, спортпен айналысыңыздар, саламатты өмір салтын ұстаныңыздар.

Құрметті тыңдаушылар!

Біз «білім – ғылым – инновациялар» үштігі билеген постиндустрия­лық әлемге қарай жылжып келеміз.

БҰҰ жанындағы халықаралық ұйым­дар, жетекші еуропалық көш­бас­шы­лар, көптеген белгілі экономистер мен саясаткерлер қазірдің өзінде Үшін­ші индустриялық революция тұжы­рым­дамасын ресми түрде қабылдап үлгерді.

Бұл тұжырымдамаға белгілі амери­ка­лық ғалым Джереми Рифкин өте айқын түсініктеме берді.

Алғашқы революция бу қозғалт­қы­шын ойлап шығарумен байланысты болса, екіншісі – электр және тұңғыш бай­ланыс құралдарын ойлап шығару­мен, үшіншісі сандық байланыспен бірге басталды.

Жақын жылдары Интернет технологиялар мен қайталама көздер Үшінші индустриялық революция үшін жаңа инфрақұрылым құру мақсатында бірігіп кетеді.

«Энергетикалық Интернет» мил­лион­даған адамға өз үйлерінде, офис­тер­де және зауыттарда таза энергия өндіруге және онымен еркін алмасуға мүмкіндік береді.

Қазір Африкада Сахарада «күн» және «жел» электр стансалары құры­лы­сын салудың ауқымды жобасы дайындалуда.

Оның үстіне энергия Еуропаға Жерорта теңізі арқылы су асты кабелімен жеткізілетін болады.

Қайталама энергетика кәсіпші­лік­тің біздің халқымыз үшін дәстүрлі түр­лерін, сондай-ақ жайлау мал ша­руа­шылығын қайта жаң­ғыртуға мүмкіндік береді.

Иелігінде кішігірім жел және күн стансасы бар кез келген шабан өзіне ыңғайлы тұрағы, байланысы және суы бар қолайлы жайлауды салып ала алар еді.

Қазақстанда жердің 90 пайызы химикаттармен және пестицидтермен ластанбаған.

Сондықтан халықаралық рыноктарда үлкен сұранысқа ие таза органи­калық ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруге мүмкіндік бар.

2050 жылға қарай азық-түлікке сұраныс әлемде 40 пайызға артады.

«Жасыл экономика» беретін бар­лық осы басымдықтар үшінші индус­триялық революцияның негізі болады.

Тұрақтылық пен келісімді қамта­масыз ететін этносаралық және дін­аралық қатынастар институттарын дамыту өте маңызды.

Діни және этностық кемсітушілік, сондай-ақ осы негіздегі қылмыстар үшін жазалаудың заңнамалық шараларын қатаңдату қажет.

Қазақстан халқы Ассамблея­сы­ның рөлін одан әрі жоғарылатқан жөн.

Қазақстандықтар экстремизм мен радикализмді қабылдамайды.

Біздің азаматтарымыз қашанда саяси боссөзділік пен әлеуметтік алауыз­дыққа қарсы шығады.

Біз сіздермен бірге әлемнің түрлі түкпірлерінде саяси, ұлтаралық, діни жанжалдар болып жатқанын көріп отырмыз.

ХХІ ғасырда олардан ешкім де сақтанбаған.

Және бұл жерде жеңімпаздар жоқ.

Мұндай жанжалдарда тек қайыр­шылыққа, күйзеліске, аштыққа, созылмалы азамат соғысы мен орта ғасыр­ларға кері кетуге алып келетін жаман­дық қана жеңеді.

Бүгін, ХХІ ғасырда біз «шыны әлемде» өмір сүріп жатырмыз.

Бұл әлем – мөлдір және нәзік. Мұнда тас лақтыруға болмайды.

Оны сақтай білу керек.

Мен біздің халықтық игілігіміз болып табылатын қазақстандық табыс­тың үш кілті туралы еске сала кеткім келеді.

Бірінші. 140 этностың басын құрайтын барлық қазақстандықтардың бірлігі – бұл ғаламат құндылық.

Біздің міндетіміз – оны қорғау, сақтау және байыту.

Біз әлемдік мұхитта өз бағытымен аман-есен жүзіп келе жатқан қайығы­мыз­ды ешкімнің шайқауына жол бер­мейміз.

Екінші. Біздің барлығымызға және әрқайсымызға тән тағаттылық.

Этностық және діни айырма­шы­лық­ты байыппен түсіну және құрметпен қабылдау.

Осының арқасында біздің әр­алуан­ды­ғымыз біздерді бөлмейді, қайта бірік­тіреді.

Егер біздің тағаттылығымыз болмаса, онда біздің қайығымыз бағытынан ауытқып кетуі ықтимал және әрі қарай апаттан қорғалмайтын болады.

Біз апатқа ұшырап, «SOS» белгісін беретін теңіз саяхатшыларына айналамыз.

Үшінші. Бұл тарихи тағдыры­мыздың ортақтығы.

Біздің мақсатымыз – өзгермелі әлемдегі жаңа жағдайларда тек тірі қалу емес, сондай-ақ бұрынғы табыс­тарымызды нығайта, осы жаңа әлемге өзіміздің ықпал ету мүмкіндігімізді кеңейте отырып, дамуымызды жал­ғастыру.

Тек осы біздің құндылық­тары­мызды нығайта және көбейте отырып қана біз әр қазақстандық отбасы үшін қауіпсіз және бақытты болашақ құра аламыз.

Қымбатты достар!

Инновациялар негізіндегі индус­трияландыру біздің қоғамымыздың жаңа құнды бағдарына айналды.

Біздің еңбексүйгіштігіміз біздің екінші құнды жеңісіміз болып табылады.

Мен «Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты өзім­нің бағдарламалық мақалама көпте­ген жылы үнқатулар алудамын.

Еңбексүйгіштік әркезде де қазақ­стандықтардың ерекше сипаты болған­дықтан, бар және бола беретіндіктен ол таңғаларлық емес.

Қазақстандықтар елдің өркендеуі әр азаматтың еңбегіне, оның біліміне, жауапкершілігіне байланысты болып табылатын біртұтас және бөлінбейтін отбасы.

Бүгінде бос орындар жұмыс­сыздардан аз емес.

Бүгінде білікті жұмыс қолдары жетіспейді.

Жұмыс істегісі келгендердің бәрі жұмыс табады және бір емес, екі жұ­мыс тауып, еңбекақы алу мүмкіндігі бар. Тек ниет болуы керек.

Ахуалды сауатты басқара білу қажет.

Оны еңбек ресурстарын бөлу арқылы жүзеге асыру қажет – жұмыс қолдары мен ақылды бастар барлық жерге де керек.

Біз жақсы өмірге тез үйреніп алдық.

Біздің адамдарымыз өзге елдерде не болып жатқанын жиі ұмытып кетеді.

Мен оларды атап жатпаймын, өздерің де жақсы білесіңдер.

Онда қарапайым адамдар еңбекақы­ның, зейнетақының, жәрдемақылардың деңгейі немесе тағы басқалар туралы айтпайды. Оларда әйтеуір бір жерге орналассақ деген жалғыз-ақ арман бар.

Ал біздің Қазақстанда әркімнің тұрақты өмір сүріп және отбасын асырап қана қоймай, балаларына білім беріп және болашақты жоспарлау мүмкіндігі бар.

Дамыған елдердегі ең басты қағидат мынандай – жұмыс адамды емес, адам жұмысты іздейді.

Әр адам жұмыс істеуге, орналасуға және өмір сүруге мүмкіндік бар жерлерге ұмтылады.

Бұл әлемнің барлық дамыған елдері үшін аксиома.

Егер біз өмір сапасының әлемдік жоғары үлгі-қалыптарына жетеміз десек, онда соған сәйкес еңбек ету қажет.

Сондықтан да тәртіп пен еңбек сапасы айрықша маңызға ие болуда.

Осынау қарапайым ережелерсіз табысты әлеуметтік жаңғырту туралы сөз де болмақ емес.

Мемлекет халықтың әл-ауқатының деңгейін арттыру үшін қаншалықты күш-жігер жұмсаса да, егер әрбір қа­зақ­стандық өз тағдырының еңбек­сүй­гіш қожайынына айналмаса, ел­дегі бар жақсылардың бәрін қадірлеп, оларды одан әрі еселемесе, ол артпайды.

Қазір қол қусырып қарап отыруға болмайды.

Бүгінде әр қазақстандық өзді-өзінен елімізге жақсы болып, біздің Отаны­мыздың дәулеті артуы үшін мен не істедім деп сұрауы керек.

Егер әр азамат осылай пайымдайтын болса, бүкіл еліміз өзінің дамуына қарқын қосарына менің сенімім мол.

Маңыздысы – тәртіп пен ретті­лік­тің ең басты мәселе екенін есте сақтау қажет.

Сендер менің жұмысшы шекпені­нен өсіп шыққанымды білесіңдер, сон­дықтан мен әрбір өндірісте, әрбір ұжымда еңбек тәртібі қажет деп есептеймін.

Сондықтан мемлекет түпсіз донор емес, қоғам мен Қазақстан азаматтары­ның әл-ауқатының өсуіне жағдай жасайтын әріптес болатындай жаңа пі­шінге көшудің маңызы зор.

Тағы бір бұлжымас құндылық бар – ол білімге ұмтылу.

Әлемдік сарапшылар білікті кадрларға деген өткір тапшылық орнайды деп болжауда.

Болжамдарға сәйкес әлемдік рынок 2020 жылға қарай жоғары білімді 40 миллион қызметкерді, 45 миллион кәсіптік-техникалық білімі бар мамандарды қосымша қажет ететін болады.

Қазірдің өзінде инженерлер, дәрі­гер­лер, химиктер, биологтар мен «нақ­ты» және «табиғи мамандықтардың» өзге де өкілдері айрықша тапшылық туындатып отыр.

Қараңыздар, Жапония, Қытай, Оң­түстік Корея, Сингапур, Малайзия сияқты елдер өздерінің идеялары мен технологияларын шебер орындауының, өздерінің тиянақтылығы мен еңбегінің арқасында табыстарға жетіп отыр.

Біздің заманымыздың ең белгілі теорияшы физиктерінің бірі Стивен Хо­кинг­тің айтуынша, адамзат үздіксіз жаңғыртуды қажет ететін өз эволюциясын өзі айқындайтын дәуірге аяқ басты.

Сендердің білімдерің – ол сендердің еңбектеріңнің нәтижесі.

Сендер өздігінен білім алуға неғұр­лым көбірек еңбектенсеңдер, соғұрлым көбірек білетін боласыңдар.

Білімді біз мемлекеттің экономи­ка­лық ресурсы, өндіріс факторы ретінде қарастырамыз.

Біз халықаралық үлгі-қалыптар­ға жақындата отырып, ұлттық білім беру жүйесін бірізділікпен жаңғырту­да­мыз.

Соңғы үш жыл бойына Қазақстан ЮНЕСКО-ның Білім беруді дамыту ин­дексі бойынша әлемнің 129 елі ішінде көшбасшылардың төрттігінде тұр.

Жаңа таланттарды ашу біздің оқу­шыларымыздың халықаралық интел­лек­туалдық жарыстарда жеңіп алған наградалары санының қарқынды өсуін қамтамасыз етті.

Егер 1998 жылы небәрі 8 медаль жеңіп алынса, биылғы жылдың өзінде 957.

Өсу 120 есе дерлік!

1993 жылы біз болашаққа ұм­тыл­ған шешім қабылдадық.

«Болашақ» бағдарламасы иннова­ция­лық білім берудің қазақстандық моделін жүзеге асырудың алғашқы ше­шуші тетігіне айналды.

Бүгінде осы бағдарлама бойынша білім алып, өздері білім беру жүйе­сінде, Назарбаев Университетінде ең­бек етіп жүрген түлектер осы залда отыр.

Біз барлық деңгейлердегі білім беру сапасын бірізділікпен жақсартудамыз.

Мектепке дейінгі білім беру саласында «Балапан» бағдарламасы ыр­ғақты жүзеге асырылуда.

Біз жан басына қаржыландыруды өмірге енгіздік және мемлекет-жеке меншік әріптестігін дамытудамыз.

Мектеп жасына дейінгі мекемелер саны 3,5 мыңнан астамға артты.

Екі жыл ішінде балаларды қамту 36-дан 65 пайызға ұлғайды.

2020 жылға қарай біз балаларды 100 пайыз мектепке дейінгі білім берумен қамтуды қамтамасыз ететін боламыз.

Мектеп жасына дейінгі білім беруді жаңғырту одан әрі жалғасуы тиіс, бо­лашақта көп қырлы тұлға қалыптас­тыру үшін негіз де дәл сонда қаланады.

Сондықтан мен Үкіметке мыналарды тапсырамын:

Бірінші. Озық халықаралық тәжіри­бе негізінде мектеп жасына дейінгі тәр­бие мен білім беруге оқытудың қа­зіргі заманғы әдістемелерін енгізу қажет.

Олар инновациялық, ал білім беру технологиясы креативті болуы тиіс.

Екінші. Балаларды мектепке дейінгі білім берумен қамту мәселесіне қатысты жүйелі ұсыныстарды егжей-тегжейлі әзірлеу қажет.

Үшінші. Мектеп жасына дейінгі білім беру деңгейінде үш тілді оқыту­ды жаппай енгізуді қамтамасыз ету қажет.

Осылайша біз тілдерді меңгерудің қисынды жүйесін қалыптастыра аламыз: әліпбиі – балабақша деңгейінде, мектепте – базалық деңгей, университет пен колледжде – мамандық бойынша кәсіби тіл.

Орта білім беру жүйесінде біз 12 жылдық оқытуға көшуге дайындықты жалғастырамыз. Жаңа білім беру үлгі-қалыптары әзірленуде.

Орта білім беру инфрақұрылымы жақсартылуда, үш ауысым жойылуда.

2014 жылдың аяғына дейін 522 жаңа мектеп салынатын болады.

Қазіргі уақытта Интеллектуалдық мектептер желісі белсенді дамытылуда.

Олардың тәжірибесі біртіндеп бүкіл орта білім беру жүйесіне таратылатын болады.

Үстіміздегі жылы елдегі 35 оқу орындары Интеллектуалдық мектептер үлгі-қалыптары бойынша жұмыс істей бастайды.

Озық технологияларды алға бастыру үшін орта білім беруге электронды оқыту енгізілуде.

2012 жылы ол 581 мектепте енгі­зілетін болады. Бұдан былай ауылдық мектептер балалары, мүмкіндігі шек­теулі балалар оқу материалдарына қол жеткізе алатын болады.

Біз орта білім беруді жаңғыртуды жалғастыруға тиіспіз.

Біздің орта білім беруді жан басына қаржыландыруға сатылап көшіруді қамтамасыз етуіміз қажет.

Оқушы басқа мектепке ауысқан жағ­дай­да, ақша да онымен бірге барады.

Осылайша, біз мектептер арасын­дағы бәсекелестікті арттырамыз.

Үкіметке қанатқақты мектептерде жан басына қаржыландыруды ен­гізу­ге кірісуді тапсырамын.

Мұғалімдер біліктілігін арттыру­ға және оларды материалдық ынта­ландыруға жеке назар аудару қажет.

Біз озық педагогикалық тәжірибелер негізінде әзірленген педагогтарды қай­та даярлаудың жаңа үш деңгейлі бағ­дарламасын енгіздік.

Үкіметке таяудағы 5 жыл ішінде 120 мың мұғалімді біліктілік арттыру­дың жаңа бағдарламасы бойынша оқытуды қамтамасыз етуді тапсырамын.

Біз мектептер автономиясын дамытып, оларда қадағалау кеңестерін құ­руымыз қажет.

Іс жүзінде біз мектептер деңгейінде бастапқы жергілікті өзін-өзі басқару­дың жаңа тетіктерін тәжірибеден өт­кізуді бастайтын боламыз.

Қазақстанда әлемдік деңгейдегі кол­ледждер желісі – кәсіптік-техни­калық білім беруді дамыту флагмандары құрылуда.

Олардың базасында бизнестің қа­тысуымен оқу орындарын басқарудың корпоративтік түрі, жаңа білім беру үлгі-қалыптары мен оқу бағдарлама­ларын халықаралық аккредиттеу сы­нақ­тан өтетін болады.

Үкіметке жыл соңына дейін Атырау қаласында Кәсіптік-техникалық білім берудің өңіраралық орталығын ашуды тапсырамын.

2014 жылы Астана мен Алматыда жаңа колледждер өз жұмыстарын бас­тауы тиіс.

Біз сол сияқты жоғары білім берудің де сапасын арттыруға тиіспіз.

Табысты университеттер дегеніміз, бірінші кезекте автономдық мәртебесі, академиялық еркіндігі бар және ғы­лы­ми-зерттеу қызметіне бағдар ұстанған ЖОО-лар.

Назарбаев Университеті өз қызметін осы қағидаттарға сәйкес жүзеге асыруда.

Бұл тәжірибені елдің басқа да ЖОО-ларына тарату қажет.

Құрметті оқытушылар мен студенттер!

Назарбаев Университеті интел­лек­туалдық-инновациялық кластер болуға тиіс.

Ол үшін не істеу қажет?

Үкіметке мыналарды тапсырамын:

Бірінші. Халықаралық тәжірибені ескере отырып, оның жанынан арнайы экономикалық аймақтар құру мәселесін қарастыру қажет.

Екінші. Индустриялық жоғары технологиялы алаңқайлар құру жө­нін­дегі жұмысты белсенді жүргізу керек.

«Қазатомөнеркәсіп» және «Қазға­рыш» ұлттық компаниялары қазірдің өзінде Университет жанынан күн энергиясы, ғарыштық технологиялар бойынша ғылыми-зерттеу орталықтарын құруда.

Үкімет пен «Самұрық-Қазынаға» Уни­верситет төңірегінде ұлттық ком­паниялардың жоғары технологиялы өн­дірістері мен салалық ғылыми-зерттеу институттарын одан әрі орналастыру жөнінен нақты жоспар әзірлеуді тапсырамын.

Қазақстанда жұмыс істейтін шетел­дік компаниялар да бұл жобадан тыс­қары қалмауы тиіс.

Үшінші. Кластердің тұрақты дамуы үшін ұзақ мерзімді болашақта Университет үшін қосымша алаңдар бөлу қажет.

Астана қаласының әкіміне осы мәселені қарастыруды тапсырамын.

Төртінші. Мен талай жылдан бері айтып келе жатқандай, ғылым мен бизнестің ықпалдастығының белсен­ділі­гін арттыру қажет.

Әлемде мұндай ықпалдастықтың жақсы үлгілері бар.

Осылайша, АҚШ-та өткен ғасыр­дың 80-ші жылдарының басында ин­дус­трия мен университеттер арасында бір­лескен орталықтар құру жөнінен Ұлттық ғылыми қор бағдарламасы іске қосылды.

Қазіргі уақытта жеті жүзден астам профессорлар, шамамен сегіз жүз аспирант пен екі жүз студент жұмыс істейтін шамамен осындай 50 орталық табысты жұмыс жүргізуде.

Орталықтар жұмыс істеген уақыт­тар ішінде оларда шамамен 1000 сер­пінді технологиялар әзірленді.

Мен «Самұрық-Қазына» қорына Уни­верситетпен бірлесіп, индус­трия­лық кәсіпорындар тапсырыстары бойынша жұмыс істейтін Инжиниринг орталығын құру мәселесін қарас­тыруды тапсырамын.

Бесінші. Технопарк, бизнес-инкубатор, коммерцияландыру және технологиялар трансферті орталығы, венчур­лық қорлар сияқты инновациялық инфрақұрылымдар элементтерін құруға кірісу қажет.

Қазақстанда зерттеу ЖОО-ларын дамыту жөніндегі жұмыстарды одан әрі жалғастыру керек.

Дамыған әлемде инновациялардың үлкен бөлігі және университеттер жа­нындағы коммерцияландыру офис­те­рі жұмыстарының нәтижелері уни­верситеттік ғылымға тиесілі.

Оның үстіне жастарды кәсіп­керлікке, инновациялық менеджментке дәл осы университеттерде оқытады, ал ол өз зерттеулерінің нәтижелерінен қар­жылай пайда тапқысы келетін кез келген ғалым үшін қажет.

Мәселен, Кембридж универси­те­тінде бүкіл әлемде мойындалған ин­новациялық экожүйенің төмендегідей тиімді институттары бар: Ғылыми офис, Кембридждің бизнес мектебі, Инновациялық орталық, Ғылыми технопарк, Идеялар инкубаторы, Коммерцияландыру және технологиялар трансферті офисі.

Осылайша, әлеуетті ғалым үшін ол пайдалана алатындай институттар мен құралдардың мол түрі бар.

Ол оның таңдауы. Ол үшін коммерцияландыру бойынша іс-қимыл­дар­дың жазылған бағыты жоқ.

Университет міндеті – ғылымның нәтижелерін коммерцияландыру үшін барлық қажетті тиімді инфрақұрылым құру.

Бұл ретте Кембридждің бұған ұзақ жылдар бойы эволюциялық жолмен келгенін атап өту қажет.

Қазақстандық тұрғыда, бәлкім, алдымен қолда бар қажеттіліктер мен перспективалы нақтылы жобаларға арқа сүйей отырып, институттардың инновациялық кластер сияқты біркелкі жүйесін құру қажет болар.

Дәл осындай көзқарас сапалы адами капиталдың қайнар көзіне, экономика мен білім қоғамын құрудың негізіне айналмақ.

Құрметті студенттер!

«Бүкіл өмір бойы оқу ендігі жерде балама емес, асқан қажеттілік» дейді Гарвард университетінің нақылдары­ның бірі.

Соған байланысты, сендер алатын сапалы білім бар болғаны жолашар интеллектуалдық капитал болып табылады.

Сендерге өзді-өздеріңмен үздіксіз жұмыс істеп, өз білімдеріңді, кәсіби құзырлылықтарыңды арттыру қажет.

Неміс философы Зиммельдің айтуынша, «білімді адам – ол өзі білмей­тінді қайдан табуға болатынын бі­летін адам».

Мен сендерді Интернет алмастыра алмайтын белсенді түрде жан-жақты дамуға, спортпен, өнермен айналысуға, шет тілдерді үйренуге, отандық және әлемдік әдебиеттің терең мұраларын танып-білуге шақырамын.

Сендердің бәрің лайықты өмірдің, әл-ауқаттың, жаңа өмір сапасына қол жеткізудің тек еңбек арқылы ғана келетінін есте сақтауларың керек.

Қымбатты жастар!

Заманымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезов «Халық пен халықты, адам мен адамды теңестіретін – білім» деген.

Біз өрлеуді өмірінің өзегі еткен халықпыз.

Мына заманда «Өнердің кілтін тапқан ғана өрге шабады».

Сендер, тәуелсіз Қазақстанның келешегі үшін тарихи жауапкершілік арқалайтын азаматсыңдар.

Осы жауапкершілікті сезіне бі­ліңдер.

Мемлекеттің ең ұлы мұраты – әрбір азаматының тауқымет көрмей, бақуат­ты тіршілік кешуі.

Менің «Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты мақаламның да түпкі мәні осында.

Қазақ «бейнет түбі – зейнет» дейді.

«Ауырдың үстімен, жеңілдің астымен» тіршілік жасау бізге жат қылық болуы тиіс.

Біздің қоғамда адал еңбекті терең біліммен ұштастырған ғана табысқа жете алатынын қаперден шығармаған абзал.

Бұл – заман талабы.

Сендер Қазақстанның өз ғылымы мен технологиясын, өзіндік ұстанымын жасайтын ғылым иесі болуларың керек.

Кез келген кәсіп иесі өз шаруасын тың тәсілмен, жаңа әдіспен істеуге ұмтылса ғана ешкім жетпеген табысқа жете алады.

Өзгелер салған сүрлеуге түсіп, бөтен іздің шаңын жұту Қазақстан жастарының таңдауы емес.

Сендер, тәуелсіз қазақ елінің білімді жастары, өз соқпақтарыңды салып, оны елді дамуға бастайтын даңғылға айналдыруға тиіссіңдер!

Құрметті студенттер!

Қадірлі ұстаздар!

Қазақ мемлекеті жыл өткен сайын тың белестерді бағындырып, жаңа асулардан асуда.

Алдағы уақытта Қазақ елінің табыс­ты жолын лайықты жалғастыру сен­дер­дің еншілеріңде.

Ұлы Абай:

Талап, еңбек, терең ой,

Қанағат, рақым ойлап қой!

Бес асыл іс көнсеңіз, – деп бекер айтпаған.

Адамзатты терең ойға кемел білім жетелейді.

Оқыңдар! Білім алыңдар! Талаптана біліңдер!

Тынымсыз еңбектеніңдер!

Тұлпар дүлдүлдігімен, адам білгірлігімен озады.

Беталысы күнде өзгерген алмағайып дүниеде адамзат үшін ешқашан өзгермеген, өзгермейтін темірқазықтар бар. Ол – білім! Ол – еңбек!

Ел болашағының баянды болмағы баста бұлықсыған білім мен қолда ойнаған еңбекке байланысты.

Ендеше, білімдерің толыссын! Ең­бек­терің жансын! Назарларыңа рахмет!