«Қазақстан Республикасының Президенті және ұлтаралық келісім» атты дәріс өткізілді

2017 жылдың 5 сәуірінде С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті студенттері үшін «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н. Ә. Назарбаев және ұлтаралық пен конфессияаралық әрекеттестік негізі ретіндегі жаңа қазақстандық патриотизм» ғылыми жобасы аясында «Қазақстан Республикасының Президенті және ұлтаралық келісім» атты дәріс өткізілді.

Дәріскер, тарих ғылымдарының кандидаты Б.М. Қайыпова ұлтаралық және конфессияаралық келісімнің қазақстандық үлгісі елде тұрақтылықты қамтамасыз етуге, экономикалық өсімге жағдай жасауға, республика тәуелсіздігін нығайтуға және әлемдік аренадағы беделін көтеруге мүмкіндік беретінін айтып берді. Қоғамдық дамудың барлық деструктивтік тенденцияларын, оның ішінде дәстүрлі емес діни көзқарастың таралуын салмақты бағалап, алдын-ала сақтандыруға ерекше назар аударды. Қазақстанның геосаяси жағдайы мен оның поликонфессиялық құрамы алаңдаушылық факторлары болуы мүмкін екеніне нақты тоқталды. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н. Ә. Назарбаевтың бұл мәселелерді үнемі назарында ұстауы кездейсоқ еместігін де атап көрсетті.

Дәріс барысында тренинг элементтері қолданылды, студенттер ұлтаралық қарым-қатынастың мінез-құлықтық және ситуациялық мәдениеті үлгісін жасап, Елбасының салиқалы саясатының нәтижелерін талдады.

Тыңдаушылар назарына Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының қорынан экспонаттар, фото- және киноқұжаттар ұсынылды.