«Қазақстан Республикасының сыртқы саясатындағы Азиялық бағыты» көшелі көрмесі.

2014 жылдың 16 қыркүйегінде М.Тынышпаев атындағы Алматы облыстық тарихи-өлкетану мұражайында Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Музейінің (Астана қ.) қорынан жинақталған «Қазақстан Республикасының сыртқы саясатындағы Азиялық бағыты» атты көрменің ашылу салтанаты  өтті.  

      Көрмені Алматы облысы әкімінің кеңесшісі А.К.Кендербек, Алматы облыстық  мәдениет,  мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Р.Р.Есдаулетов, Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Музейі директорының орынбасары К.Қ.Ақтаева ашты.
       Көрменің ашылу салтанатына жергілікті билік органдарының жетекшілері, қоғам өкілдері, Талдықорған қаласының мәдени мекемелерінің басшылары, ЖОО-ның студенттері мен оқушылар қатысты.
Көрмеге құжаттар мен фотосуреттер, Елбасының шетелдерде ресми іс-сапарлары кезінде еліміздің халықаралық дәрежедегі абыройына құрмет ретінде ұсынылған Музей қорынан алынған бұйымдардан тұратын 109 жәдігер қойылған.
      Көрменің негізгі мазмұнын Қазақстанның сыртқы саясатының негізгі бағыттарының бірінің жылнамасын қалыптастыратын құжаттар мен фотосуреттер ашады. Қытай, Жапония, Үндістан, Түркия, Азия-Тынық мұхит аймағы елдері, мұсылман мемлекеттерінің басшылары мен үкіметтерінен берілген сыйлықтар өте жоғарғы деңгейде орындалған:  күміс және сәндік бұйымдар, сәндік-қолданбалы өнер туындылары, мүсіндер. Бұл Шығыс елдерінің қайталанбас мәдениетін көрсететін аз ғана бөлігі. Көрмедегі жәдігерлер  Азияның барлық аймақтарын қамтитын алты бөлімнен тұрады: мұсылман елдері, Таяу және Қиыр Шығыс, Орталық Азия, Оңтүстік-Шығыс, Азия-Тынықмұхит аймағы. Шағын көрме біздің еліміздің азиялық мемлекеттермен тәуелсіздік жылдарында орнатылған қарым-қатынасын ғана емес, сонымен қатар осы елдердің мәдениеті мен дәстүрін көрсетеді.
      Әрбір жәдігер теңдесі жоқ, бағалы: сәндік табақтар, керамика, киім, мүсіндер, паннолар. Әрбір сыйлық - бұл дәуірдің, халық пен оның өнері көрініс тапқан белгілері.