«Қазақстан Республикасының сыртқы саясатындағы Азиялық бағыты» көшпелі көрмесі

 2014 жылдың 17 сәуірінде «Әзірет Сұлтан» тарихи-мәдени қорық-мұражайында Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Музейінің (Астана қ.) қорынан жинақталған «Қазақстан Республикасының сыртқы саясатындағы Азиялық бағыты» атты көрменің ашылу салтанаты  өтті.  

     Көрмені Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары А.А. Бектаев, Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Музейі директорының орынбасары К.Қ. Ақтаева, «Әзірет Сұлтан» тарихи-мәдени қорық-мұражайының директоры М.Ж. Садықбек ашты.
       Көрменің ашылу салтанатына жергілікті билік органдарының жетекшілері, қоғам өкілдері, Түркістан және Шымкент қалаларының мұражайларының, мәдени мекемелерінің директорлары қатысты.
Көрмеге Елбасының Жеке мұрағаты мен Жеке кітапханасынан құжаттар мен фотосуреттер, Елбасының шетелдерде ресми іс-сапарлары кезінде еліміздің халықаралық дәрежедегі абыройына құрмет ретінде ұсынылған Музей қорынан алынған бұйымдардан тұратын 133 жәдігерлер  қойылған.
Көрменің негізгі мазмұнын Қазақстанның сыртқы саясатының негізгі бағыттарының бірінің жылнамасын қалыптастыратын құжаттар мен фотосуреттер ашады. Қытай, Жапония, Үндістан, Түркия, Азия-Тынық мұхит аймағы елдері, мұсылман мемлекеттерінің басшылары мен үкіметтерінен берілген сыйлықтар өте жоғарғы деңгейде орындалған:  күміс және сәндік бұйымдар, қолдан тоқылған кілемдер, сәндік-қолданбалы өнер туындылары, мүсіндер мен кітаптар.
     Келушілер жапондық қылқалам шеберлерінің орындауындағы панноларды, әсемдігімен көз тарттырған шығыс кілемдерін, Шығыс халықтарының  ұлттық киімдері мен музыкалық аспаптарын, ыдыстары мен тұрмыстық заттарын тамашалай алады.
Көрме еліміздің халықаралық қатынастарының негізгі кезеңдерін Азия елдерінің көркем және сәндік-қолданбалы өнерінің қайталанбас үлгілері арқылы ашып көрсетеді.
     «Қазақстан Республикасының сыртқы саясатындағы Азиялық бағыты» көрмесі 2014 жылдың 20 мамырына дейін жұмыс істейді.