«Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасына тарту етілген сыйлықтар» экспозициясы

Қазақстан Республикасы Президентінің жаңа астанада орналасқан алғашқы жұмыс резиденциясындағы Күмбезді залдың фойесі. 1997–2004 жылдар

Күмбезді зал фойесінде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаевқа шет мемлекет және үкімет  басшыларынан, халықаралық ұйымдар мен қорлардан, шетелдік және отандық қоғам қайраткерлерінен тарту етілген сыйлықтар ұсынылған.

Залда адамзаттың материалдық және рухани мәдениетінің байлығы мен әр алуандығын көрсететін, орындалу техникасы мен материалы бойынша жүйеленген музей топтамаларының бірегей жәдігерлері – бейнелеу өнері бұйымдары және кілем топтамасы қойылған.

Кілем бұйымдары сан алуандылығымен, өрнектерінің бірегейлігімен, таралу географиясының кеңдігімен таң қалдырады. Кілемдер түрлі техникаларда орындалған: түкті, түксіз, аралас. Бұл музей бұйымдары кілем тоқу өнерін жаңа сатыға көтерген XX – XXI ғасырдың басындағы шеберлердің туындылары болып табылады.

Экспозицияның бір бөлігін бейнелеу өнерінің бұйымдары алып тұр, бұл ағаштан, металл, шыны, қыш, табиғи және бағалы тастардан, жібектен жасалынып, эмальдау, зерлеу, кестелеу, қолмен нақыштау, оймыштау, гравюра және мозаика техникаларында безендірілген өнер туындылары – кескіндемелер мен сәндік паннолар.

Сыйлықтар еліміздің әлемдік қауымдастықтың тең құқылы мүшесі ретінде танылуының, сонымен қатар Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаевқа және оның қазіргі Қазақстанның қалыптасуы жолында жүргізген кемел саясаты мен қызметіне деген айрықша құрмет пен сыйластықтың белгісі болып табылады.