Қазақстан Республикасының Ұлттық Олимпиада Комитетінің ұйымдастыруымен ашылған «Қазақстандағы Олимпиадалық қозғалыс» тақырыптық экскурсиясы өткізілді

2019 жылғы 30 мамырда Елбасы кітапханасында Нұр-Сұлтан қ. мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің тәрбиеленушілеріне Қазақстан Республикасының Ұлттық Олимпиада Комитетінің ұйымдастыруымен ашылған «Қазақстандағы Олимпиадалық қозғалыс» тақырыптық экскурсиясы өткізілді. Сондай-ақ, жас спортшылар қызықты квестке қатысты.

Экскурсанттарға қазақстандық чемпиондардың спорттық жүлделері мен спортшылардың жеке заттары, Ұлттық Олимпиада комитеті президенттерінің жеке коллекцияларындағы заттар мен мұрағаттық материалдар үлкен әсер қалдырды.

Экскурсияға қатысушылар Мемлекет басшысының қазақстандықтарға - түрлі жылдардағы Олимпиада ойындарының чемпиондарына жолдаған құттықтау хаттарымен, ХХІХ жазғы Олимпиада ойындарының Олимпиада алауы эстафетасына қатысқан Елбасының спорттық киімі, боксшы Серік Сәпиевтің бокс қолғабы, Данияр Елеусіновтің және Василий Левиттің қолтаңбалары бар бокс қолғабы, әлемге әйгілі кәсіпқой боксшы Геннадий Головкиннің Н.Ә. Назарбаевқа сыйлаған чемпиондық белбеуі ерекше қызығушылық туғызды.

Бұл экспозицияның ерекшелігі - интерактивті аймақтардың болуының арқасында оқушылар зілтемірді көтеріп, өздерін ауыр атлетші ретінде сынап көруге, Қазақстан туы астындағы подиумға көтеріліп, сүйікті спортшыларының фигураларымен суретке түсе алды.

Квест барысында балалар олимпиада, әлем турнирлері мен чемпионаттардың қазақстандық жеңімпаздары туралы, тапсырмаларда жасырылған тарихи фактілер жайлы сұрақтарға үлкен ықыласпен жауап берді.