2018 жылғы 11 желтоқсанда, сағат 15:00-де Назарбаев орталығының ғимаратында бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің арасында жыл сайын жарияланатын «Қазақстан Тәуелсіздігі және Елбасы» атты ашық шығармашылық конкурстың қатысушыларын марапаттау салтанаты өтеді.

Тәуелсіздік жылдарында еліміздің қол жеткізген жетістіктері мен «Назарбаев моделін», Елбасының идеялары мен бастамаларын кеңінен таратуға негізделген байқауды Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасының  Кітапханасы мен Қоры ағымдағы жылдың мамыр айында жариялаған болатын. Өтінімдер 1 маусымнан 10 қазанға дейін қабылданды.

Марапаттау рәсіміне Қазақстан Республикасыны Тұңғыш Президенті – Елбасы қорының директоры, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты, Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Дариға Назарбаева, Қазақстан Республикасы Президенті Кеңсесінің бастығы – Елбасы кітапханасы директорының міндетін атқарушы Махмұд Қасымбеков, сондай-ақ конкурс комиссиясының мүшелері – белгілі саясат және қоғам қайраткерлері, түрлі БАҚ салаларының журналистері қатысады.

«Қазақстан Тәуелсіздігі және Елбасы» конкурсының ұйымдастырылып жатқанына биыл үш жыл. Оған келіп түсіп жатқан өтінімдердің саны жыл сайын өсіп келеді. Алғашқы екі жылда байқауға 365 және 447 жұмыс қабылданды. 2018 жылғы жұмыстардың саны 564-ке дейін өсті. Сондай-ақ, «Үздік телевизиялық материал», «Үздік радиоматериал», «Газеттер мен журналдардағы үздік мақала», «Ғаламтор-БАҚ- тағы үздік жарияланым» номинацияларына елорданың 20 жылдығына арналған «Ел жүрегі – Астана» номинациясы қосылды.

Топ жарған жеңімпаздар сыйақымен, кеуде белгісі мен дипломмен марапатталады.

Іс-шара барысында «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театры әртістерінің  музыкалық нөмірлері қойылады.