«Қазақстан және БҰҰ: бейбітшілік үшін әріптестік» кешенді қор көрмесі

10 наурыз  –  20 тамыз 2017 ж.
 
«Қазақстан және БҰҰ: бейбітшілік үшін әріптестік» кешенді қор көрмесі
 
«Қазақстан және БҰҰ: бейбітшілік үшін әріптестік» кешенді қор көрмесі Қазақстан Республикасының БҰҰ-ға мүше мемлекет атануының 25 жылдығына және еліміздің БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретіндегі қызметін көрсету мақсатында ашылған болатын.
 
1992 жылдың 2-наурызы Қазақстан үшін тарихи күн болып табылады, бұл күні Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше атанды. БҰҰ Бас Ассамблеясының 46-шы сессиясының пленарлық отырысында Қазақстан бірауыздан БҰҰ-ның 168-і мүшесі болып қабылданды. Пленарлық отырыстан кейін Қазақстанның көк туын БҰҰ штаб-пәтерінің алдында салтанатты көтеру рәсімі өткізілді. 
 
Еліміздің БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі мәртебесін иеленуі, бұл Қазақстан Республикасының және Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың халықаралық аренадағы жоғары беделінің көрсеткіші. Сыртқы және ішкі саясатта ынтымақтастық пен бейбітшілік қағидаларын ұстанған Қазақстан үшін бұл үлкен мәртебе. Жас мемлекет егемендігін Халықаралық қоғамдастықтықтың тануының айғағы болғандықтан, бұл оқиға Қазақстан үшін үлкен саяси мәнге ие болды.
 
Біріккен Ұлттар Ұйымы 1993 жылдан бастап Қазақстанда жұмыс істей бастады. 1992 жылы 5-ші қазанда Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев және БҰҰ Бас Хатшысы Бутрос Бутрос-Гали арасында өзара келісімге қол қойылған болатын. 25 жыл ішінде Қазақстан мен БҰҰ арасындағы бейбітшілік пен татулыққа бағытталған серіктестік қатынастар жүйелі түрде жүзеге асырылып біршама жетістіктерге жетті. 
 
Қазақстан БҰҰ-ға мүше мемлекет атанғаннан бастап, 25 жыл ішінде БҰҰ-ның және оның құрылымдық бөлімшелерінің жаҺандық қауіпсіздікті сақтау жұмысына елеулі үлес қосты, ядролық қаруды таратпау және қысқарту ісіне барынша ықпал етті.
 
«Қазақстан және БҰҰ: бейбітшілік үшін әріптестік» кешенді қор көрмесі материалдарының арасында Біріккен Ұлттар Ұйымы құрамындағы Қазақстанның 25 жыл ішіндегі табысты қызметін көрсететін мұрағаттық құжаттар, фотосуреттер мен дипломатиялық сыйлықтар ұсынылған болатын.