«Қазақстан және әлемдік қауымдастық»

2012 жылдың 30 мамырында Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану мұражайында Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Музейінің қорынан ұйымдастырылған «Қазақстан және әлемдік қауымдастық» атты көрменің салтанатты ашылу рәсімі өтті. 
      Көрменің ашылу салтанатына «Нұр Отан» ХДП облыстық филиалының Әлеуметтік-саясат бөлімінің кеңесшісі Ү. Ибраимова, ҚР Тұңғыш Президенті Музейінің Музей құндылықтарын есепке алу және сақтау орталығының жетекшісі З. Молдағаринова, Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану мұражайының қызметкерлері, ҚР ҚАЖ Департаментінің ЖД 158/7 мекемесінің қызметкерлері, қала тұрғындары мен қонақтары және баспасөз-ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. 
      Көрменің мақсаты Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың қызметі арқылы Қазақстанның тәуелсіздіктің 20 жылында қол жеткізген табыстарын көрсететін музей құндылықтарын тақырыптық топтама арқылы таныстыру болып табылады. 
      Көрменің негізгі мазмұны Жеке мұрағаттан алынған құжаттар мен фотосуреттер, сондай-ақ тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуы мен дамуын еліміздің сыртқы саясатының негізгі бағыттарының мазмұнын ашады. 
      Мемлекет басшыларының, үкімет басшыларының, АҚШ, Қытай, Ресей, Үндістан, Еуропалық одақ елдері, ТМД делегацияларының, халықаралық және өңірлік ұйымдардың басшыларының сыйлықтары – Қазақстан халқына, оның Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевқа айрықша құрметі мен сыйластығының белгісі. Бұл бұйымдар келушілердің басқа халықтардың мәдениетімен жақынырақ танысуына мүмкіндік береді. Тараз қаласының тұрғындары мен қонақтары көрмемен 2012 жылдың 30 маусымына дейін таныса алады.