«Қазақстан және әлемдік қауымдастық»

2012 жылдың 27 сәуірінде Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану мұражайында Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Музейінің қорынан ұйымдастырылған «Қазақстан және әлемдік қауымдастық» атты көрменің салтанатты ашылу рәсімі өтті. 
      Көрменің ашылу салтанатына «Нұр Отан» ХДП «Жас Отан» жастар қанаты облыстық филиалы төрағасының орынбасары А. Әукенұлы, ҚР Тұңғыш Президенті Музейінің Музей құндылықтарын есепке алу және сақтау орталығының жетекшісі З. Молдағаринова, облыс әкімдігі аппаратының, Қызылорда қаласының әкімдігінің, мәдениет басқармасының, білім департаментінің өкілдері, облыстың құрметті азаматтары, еңбек ардагерлері, жоғары оқу орындарының студенттері және баспасөз-ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
      Көрменің мақсаты – әлемдік қауымдастықтағы еліміздің алатын орны мен рөлін, Тәуелсіздіктің 20 жылдығында қол жеткізген табыстарымызды Тұңғыш Президент – Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың қызметі арқылы көрсету. 
      Көрмеге қойылған 179 экспонат Қазақстанның әлемдік қауымдастықтың толыққанды мүшесі ретінде мойындалуының айғағы болып табылады. Елбасының Жеке мұрағатының құжаттары мен фотосуреттері, егемен Қазақстанның қалыптасуы мен дамуын, сонымен қатар еліміздің сыртқы саясатының негізгі бағыттарын көрсететін музей экспонаттары көрменің негізгі мазмұнын ашады. Бұлар: Ресей Федерациясының экс-президенті В.В. Путин сыйлаған күміс қобдиша, Ұлыбританияның Ханшайымы Елизавета II сыйлаған алтын үстел сағаты, АҚШ экс-президенті Б. Клинтон сыйға тартқан жеңілгек және басқалары. 
      Шетел мемлекеттері мен үкімет басшыларының, АҚШ, Қытай, Ресей, Үндістан, Еуропалық Одақ, ТМД елдері делегацияларының, беделді халықаралық және аймақтық ұйым басшыларының берген сыйлықтары – Қазақстан халқына және оның Тұңғыш Президентіне деген ерекше құрмет пен сыйластықтың белгісі. Бұл жәдігерлер көрермендерге өзге халықтардың мәдениетімен жақынырақ танысуға мүмкіндік береді.  Қызылорда облысының тұрғындары мен қонақтары көрмемен 2012 жылдың 25 мамырына дейін таныса алады.