2018 жылғы 16 қарашада сағат 9.30-да Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінде әлемдік деңгейдегі саясаткер Н.Ә.Назарбаевтың жоғары беделінің нәтижесі болып табылатын Қазақстанның сыртқы саясат стратегиясына арналған Елбасының Жеке кітапханасының жинақтарынан тұратын «Әлем таныған Елбасы» атты бейнелі кітап көрмесінің ашылуы өтеді.

«Елбасы және тәуелсіздік, «Халық және Елбасы», «Әлем таныған Елбасы» атты үш бөлімнен тұратын көрмеде Н. Ә. Назарбаев туралы 100-ден астам басылым ұсынылатын болады. Олардың қатарында Мемлекет басшысының балалық шағы мен жастық кезеңі, ұлттық лидер, азамат ретіндегі адами жеке қасиеттері, еңбек жолы мен саяси қызметі жөнінде баяндайтын жазушылар мен публицистердің, отандық және шетелдік танымал саясаткерлердің, Елбасы замандастарының еңбектері бар. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентінің тағдырындағы өмір белестері мен ең есте қаларлық оқиғаларды айшықтайтын басылымдар Елбасы өмірбаянын егжей-тегжейлі бейнелеп береді. Қазақстанда және шетелдерде жарияланған тарихи-публицистикалық мақалалар мен очерктердің түрлі жинақтары тәуелсіз мемлекеттің негігізін қалаған Президентіміздің Қазақстанның қалыптасуы мен нығаюындағы ерен еңбегін көрсетеді, Қазақстан жолының іргетасын қалап, жас мемлекетіміздің жетістігін қамтамасыз еткен Н. Ә. Назарбаевтың басқарушылық шешімдерінің сырын ашады. Көрмеде басылымдармен қатар Елбасының өзге елдердің басшыларымен кездесулері барысындағы тарихи сәттерді бейнелейтін архивтік фотосуреттері ұсынылады.

Көрме Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының «Н. Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» көшпелі көрме жобасы аясында өтеді. Іс-шара ауқымды ғылыми-білім беру, мәдени-ағартушылық, сондай-ақ Ақтөбе облысы бойынша көшпелі экскурсияларды қамтиды.

Аталмыш жоба 2017 жылғы қарашада Алматыдан бастау алып, 2018 жылғы ақпан айында Түркістан облысында жалғасса, ал қыркүйек айында Атырау облысында табысты өтті. Жалпы 2017-2018 жылдары көрмені 350 мыңнан астам адам тамашалады.