«ӘЛЕМДІ ӨЗГЕРТЕТІН ИДЕЯЛАР» ҒЫЛЫМИ ЖОБАЛАР КОНКУРСЫ

2018 жылдың 4 мамырында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының Музейі ғимаратында оқушылардың «Әлемді өзгертетін идеялар» ғылыми жобалар конкурсының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін салтанатты марапаттау рәсімі өтеді.

Конкурстың ұйымдастырушылары – Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы Кітапханасы мен «Астана дарыны» өңірлік ғылыми-практикалық орталығы.

«Астана дарыны» өңірлік ғылыми-практикалық орталығы мен Елбасы кітапханасы Музейінің бірлескен жобасы дәстүрге айналып, төрт жыл қатарынан өткізіліп келеді.

Конкурстың негізгі мақсаттары мен міндеттері: «100 нақты қадам» Ұлт жоспары шеңберінде қоғамдағы өзекті мәселелерді танып-білуге және жүзеге асыруға бағытталған оқушылардың ғылыми-зерттеу және оқу-танымдық қызығушылығын ояту; Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н. Ә. Назарбаевтың идеялары мен бастамаларын насихаттау және жүзеге асырудағы оқушылардың ғылыми жұмыстарының деңгейі мен негізгі ойын зерттеу; дарынды және талантты жас зерттеушілерді анықтау және қолдау; Қазақстан Республикасының интеллектуалдық элитасын қалыптастыруға ықпал жасау.

Конкурстың І кезеңі 2018 жылдың қаңтарынан бастап наурызына дейін Астана қаласының білім беру мекемелерінде өткізілді. Іріктеу кезеңінен кейін 43 оқушы өздерінің 35 ғылыми жобасын конкурстың қалалық ақтық кезеңінде қорғайды.

Конкурстың жеңімпаздары мен жүлдегерлері жаратылыстану және гуманитарлық бағыттары бойынша анықталады.

Гуманитарлық бағыттағы жұмыстардың ішіндегі қазақстандық патриотизмге тәрбиелеу, «Мәңгілік Ел» идеясы, «Рухани жаңғыру» бағдарламасының құндылықтарын дамытуға ықпал ететін адами капиталды жетілдіруге бағытталған ғылыми жұмыстарды ерекше атауға болады.

Ғылыми жобалардың басым көпшілігі қазақстандықтардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған жоғары технологияларға арналған.

 

Марапаттау рәсімінің өтетін уақыты: 4 мамыр 2018 ж., сағат 13:00-де.

 

Мекенжайымыз: Астана қаласы, Бейбітшілік к-сі, 11.