«Менің шежірем – елімнің шежіресінің бөлшегі» музейлік балалар сабағы өткізілді

  2016 жылдың 4 мамырында № 11 «Гаухар» балабақшасының тәрбиеленушілеріне «Музей және балалар» жобасын жүзеге асыру аясында «Жәдігерлер сыр шертеді...» циклы бойынша «Менің шежірем – елімнің шежіресінің бөлшегі» музейлік балалар сабағы өткізілді.

      Алғаш рет сабақ балабақшада өткізілді. Музейлік сабақ Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Музейінің залдары бойынша «Жолсілтеуші әліппесі» формасында өтіп, «Отан қорғаушылар күніне» арналды. Бүлдіршіндердің дүниетанымын кеңейтуге, білімін, тәрбиесін арттыруға, әсемдікке үйретуге, отансүйгіштік сезімін дамытуға ықпал ететін әлеуметтік ерекше орта ұйымдастырылды. Балалар «Б» әрпімен және батырлар институтымен танысты.

      Музейлік сабақ барысында Музей педагогикасы орталығының ғылыми қызметкері С.Қ. Жақыпова тыңдаушылардың назарына қазақтың дәстүрлі қару түрі – бес қаруды ұсынды. Сабақта жекпе-жекке шығу кезінде ақсақалдардың батырларға бата беру дәстүрі көрсетілген сахналандырылған элементтер көрсетілді. Ойын тапсырмалары, топтық жұмыстар арқылы балалар «Б» әрпімен таныстығын бекітіп, батырлар мен олардың қаруы туралы көптеген қызықты мәліметтерді білді. Музейлік жәдігерлермен дұрыс және сәтті ұйымдастырылған тактилді әдіс музейлік заттардың көркемдік құндылығы мен ақпараттық әлеуеті, мән-мағынасы туралы алғашқы білімді алу үшін негіз болды.

      Сабақ Отан қорғау туралы әңгімемен жалғасып, балалар Қазақстанның Қарулы күштерінің тарихымен танысты, Мемлекет басшысы – Бас Қолбасшының рөлі жайлы түсінік қалыптастырды және қаруға деген өз көзқарастарын білдірді. Топтық жұмыс кезінде әрбір бүлдіршін белсенді әрекет пен үнемі диалогқа қатысып отырды.