2018 жылғы 13 маусымда, сағат 16.00-де Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы кітапханасының Музейінде «Минхва» атты корей халқының қазіргі заманғы кескіндеме көрмесі ашылмақ. Ашылу салтанаты аясында көрмеде ұсынылған жұмыстардың авторлары мастер-класс өткізеді.

Іс-шара Кітапхананың «Мәдениет арқылы үнқатысу» халықаралық көрме жобасы аясында Қазақстан Республикасындағы Корей Республикасы елшілігінің Корей мәдениет орталығы мен «Минхва» корей халық кескіндемесі музейінің қолдауымен ұйымдастырылады.

Корей өркениетінің кез келген саласы ең танымал әлем мәдениеттерінің біріне жатады. «Минхва» кескіндемесі де бұл санатта. Оның себебі корей халқының өзіндік тарихы мен салт-дәстүріне негізделіп отыр.

«Минхва» сөзі корей тілінде «халық кескіндемесі» деген ұғымды білдіреді. Дәстүрлі корей өнерінің бұл бағыты XVI-XVII ғасырлардағы әлеуметтік-саяси тарихпен тығыз байланысты. Ол Чосон әулеті билігінің соңғы кезеңінде, корей қоғамы үлкен өзгерістерге ұшыраған кезде пайда болды. Нәтижесінде кескіндеме бұйымдарының патша сарайына ғана тән әшекей ретінде саналуы тоқтады. Әлеуметтік топтардың жіктелуімен өнер туындыларына деген сұраныс та өсті.

«Минхва» корей халық кескіндемесінің музейі қазіргі корей өнер шығармашылығының аталмыш бағытын сақтау және дәріптеу орталығы болып табылады. Көрмеге жұмыстары АҚШ, Франция, Жапония, Үндістан, Моңғолия, Корея жұртышылығына жиі ұсынылған суретшілердің туындылары қойылған. Ю Суан-док, Ми Бонг-Джи, О Сон-а есімді олар «Минхва» шеберлері ретінде мойындалған. Әр автор өз еңбегін «Мереке», «Жаңғырық», «Табиғат мезгілі» тақырыптарында ұсынады. Бұл жұмыстар «Минхва кескіндемесінің жаңғыруы», «Минхва» түсіндірме кескіндемесі», «Қолданбалы өнердегі «Минхва» атты «Минхва» кескіндемесінің үш бағыты бойынша орындалады.

Көрмеде ұсынылатын 57 жұмыстың қатарында картиналар, мүсін композициялары, ыдыстар мен жиһаздар сынды тұрмыстық заттар бар.   

 

Көрме 2018 жылғы 12 тамызға дейін жалғасады.