«Н. Ә. НАЗАРБАЕВ ФЕНОМЕНІ: САЯСИ ҰСТАНЫМДАР МЕН БАСТАМАЛАР» ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҒЫЛЫМИ-ПРАКТИКАЛЫҚ КОНФЕРЕНЦИЯСЫ ӨТТІ

2018 жылдың 16 ақпанында, сағат 10:00-де М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде «Н. Ә. Назарбаев феномені: саяси ұстанымдар мен бастамалар» халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы өтті. Іс-шара Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының «Н. Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» көшпелі көрме жобасы аясында ұйымдастырылды.

Іс-шараны ашқан модератор Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Кітапханасы директорының орынбасары Әмірхан Рахымжанов алғы сөзінде конференция жұмысының маңыздылығы мен өзектілігін айтып өтті.

– Өздеріңізге белгілі, өткен жылы Алматы қаласында алғаш рет Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Кітапханасының ұйымдастыруымен өткен «Нұрсұлтан Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» көшпелі кешен көрмесі өз жұмысын Шымкент қаласында жалғастыруда. Бүгінгі осы жоба аясында жұмысын бастаған «Н. Ә. Назарбаев феномені: саяси ұстанымдар мен бастамалар» халықаралық ғылыми-практикалық конференциясының да маңызы өте зор. Осы орайда, өткен жылдар ішінде мемлекетіміздің қарқынды дамуының орасан күрделі жолын бүгінгі көзқараспен талдау және еліміздің Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сындарлы саясатымен қаланған ауқымды жобаларды, онжылдықтың жетістіктерін талқылау өте маңызды болмақ.

Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Ұласбек Сәдібеков іс-шараны ұйымдастырушыларға алғысын білдірді. Бүгінгі халықаралық ғылыми-практикалық конференцияның маңыздылығына тоқталып, қатысушылардың Қазақстан өңірлерінен ғана емес, сондай-ақ Ресей, АҚШ, Ауғанстан, Тәжікстан, Қырғызстан елдерінен келгендігін алға тартты.

Көшпелі көрме жобасы мен халықаралық ғылыми-практикалық конференцияны ұйымдастыруға ұйытқы болған Елбасы кітапханасының басшылығына оңтүстік жұртшылығының атынан ризашылығын білдірген М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің ректоры Жұмахан Мырхалықов:

– Көшпелі көрме жобасының мақсаты – Елбасы Н. Ә. Назарбаевтың тәуелсіз Қазақстанды құрудағы рөлі мен тұлғалық қасиеттері, тиімді реформаларын, ерен еңбегін жан-жақты талдап, насихаттау болып табылады. Елбасымыздың тәуелсіздік жылдары жазылған ғылыми еңбектерінде еліміздің жеткен жетістіктері мен айтулы тарихи оқиғалары, келешектегі нақты даму стратегиялары айқындалған. Елбасы еңбектерін оқу арқылы өскелең ұрпақ өкілдерінің бойында іскерлік, басқарушылық, патриоттық қасиеттері қалыптасатыны сөзсіз, – деді.

 

Қатысушылар конференцияның бағдарламасына сәйкес әлемдік тәжірибедегі тұлға феноменінің генезисі; Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н. Ә. Назарбаевтың Қазақстанның егемендігі мен мемлекеттілігін нығайтудағы рөлі, Елбасының сыртқы саяси бастамалары – әлемдік қауымдастықтағы Қазақстанның халықаралық мәртебесі мен беделін арттыру факторы, жаңа жаһандық шындықтағы жаңғырудың қазақстандық моделі бағыттары бойынша баяндама жасады.

Конференция модераторы ретінде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Кітапханасы директорының орынбасары, саяси ғылымдарының докторы, профессор Әмірхан Рахымжанов «Назарбаев моделі – мемлекеттің тиімді даму стратегиясы» негізгі баяндамасын оқыды.

– Нұрсұлтан Назарбаевтың тұлғасы 90-жылдардың басындағы тәуелсіз Қазақстанның қалыптасу кезеңінен бері барша жұртшылықтың назарында екені белгілі. Сол кездің өзінде «Назарбаевтың саяси көшбасшылығы» және «Назарбаев үлгісі» ұғымдары сарапшылар мен саясаткерлердің, саяси ғалымдар мен публицистердің қалт жібермес зерттеу нысанына айналып, сөздік қорларында тұрақтады. ...Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың реформатор ретіндегі бағыты, халықаралық аренадағы теңдессіз беделі – Елбасының қиындықтар мен кедергілерге төтеп беретін саяси ерік-жігері мен стратегиялық дарындылығы, алға қойған мақсатқа жетудегі табандылығы мен сенімділігі секілді жеке тұлғалық қасиеттерінен айқын көрінеді. Ең жоғарғы халықаралық деңгейдегі мемлекеттік қайраткердің бойынан табылатын жоғары кәсіби біліктілік, жауапкершілік, көрегендік, парасаттылық, мінездің қайсарлығы, байсалдылық, ақылдылық қасиеттері Нұрсұлтан Назарбаевтың тұлғасына лайықты, – деді «Нұрсұлтан Назарбаев феномені: саяси қайта жаңғыру және халықаралық бастамалар» атты баяндамасында Америка Құрама Штатынан «Studentswithoutborders» жастар ұйымының өкілі Бернет Джордж Травис.

– Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қызметі мен Қазақстан тарихындағы рөлі сан қырлы. Сол себепті Елбасының қазақстандық мемлекеттіліктің саяси, экономикалық және әлеуметтік негізін қалаудағы сүбелі үлесін сипаттайтын бір қасиетін бөліп қарау мүмкін емес. Қазақстан Лидерінің саяси стилінің басты ерекшелігі – үнемі алға ұмтылып, қарқынды даму межесін көздеуі. Президент тәуелсіз Қазақстан, мемлекеттің жаңа тарихи басқару үлгісін және де жаңа қоғамдық-экономикалық бағдарын айшықтайды, – деп сөзін түйіндеді баяндамашы.

М. Әуезов атындағы ОҚМУ Болон үдерісі және академиялық мобильділік орталығының бас маманы Людмила Кулакова «Нұрсұлтан Назарбаев – Қазақстанның даму жолы үлгісінің негізін қалаушы» атты баяндамасында «Н. Назарбаевтың тарихи еңбегін ешкім де болашаққа кепіл бере алмайтын ішкі және халықаралық қиын жағдайлар өршіп тұрған тұста өзіне деген сенімділікпен қайта жаңғыртуға батыл қадам жасауынан көруге болады. Н. Ә. Назарбаевтың тәуелсіз Қазақстанның жаңғыруына қосқан үлесі мемлекетті жаңғыртудың әлемдік теориясы мен тәжірибесіне еніп, алдағы уақытта мамандардың өзекті тақырыбына айналатыны анық, – деп сөзін сенімді бекітті Л. Кулакова.

Үнді жастары кеңесінің өкілі Гурджар Джитенда «Нұрсұлтан Назарбаевтың халықаралық бастамалары» тақырыбында баяндамасын таныстырды; Гуманитарлық ынтымақтастық жөніндегі Еуразиялық комиссия клубының басшысы, Бейбітшілікті дамыту Еуразиялық зерттеу институтының құрылтайшысы (Ресей Федерациясы, Москва қ.) Марат Шафигуллин «Әлеуметтік саясат Қазақстанның 2050 жылға дейінгі стратегиялық дамуының бір әлеуеті ретінде» баяндамасын ұсынды; Тәжікстанның Тау-металлургия институтының студенті Бокизода Домулло «Н. Ә. Назарбаевтың Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік институттардың қалыптасуы кезеңінде атқарушы билікті нығайтудағы рөлі» баяндамасын әзірледі; Жастардың бастамаларын қолдау қорының үйлестірушісі (Қырғыз Республикасы, Бішкек қ.) Лира Момуналиева «Н. Назарбаев – қазақстандық даму үлгісінің негізін қалаушы» тақырыбында баяндамасын оқыды; Ауғанстаннан келген YouthPeerEducationNetwork тең оқыту жастар желісінің кураторы Ясир Рашид «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласының қоғамның рухани өміріне ықпалы» тақырыбында дайындаған баяндамасын ұсынды.