№ 1 Балалар музыка мектебінің ұстаздары, оқушылары және олардың ата-аналарының қатысуымен Ашық есік күні өткізілді

2016 жылдың 28 қыркүйегінде № 1 Балалар музыка мектебінің ұстаздары, оқушылары және олардың ата-аналарының қатысуымен Ашық есік күні өткізілді.

Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Музейі директорының орынбасары, тарих ғылымдарының кандидаты Б.М. Қайыпова іс-шараны аша отырып, аталмыш шара арнайы бағдарлама аясында Музейде отбасыны біртұтас білім беру-тәрбие кеңістігіне тарту мақсатында жыл сайын өтетінін атап өтті. Ашық есік күні аясында төрт сабақ өткізілді.

Музей педагогикасы орталығының басшысы Р.Ұ. Қазбекова кіріспе дәрісінде қатысушыларды  Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы           Н. Ә. Назарбаевтың бастамасымен жүзеге асырылып келе жатқан «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасының жетістіктері мен даму жағдайы және «Мәңгілік Ел» жалпықазақстандық ұлттық идеясының қағидаларымен таныстырды.

Одан әрі қарай қонақтар Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Музейінің Қауіпсіздік Кеңесі залында өткізілген «Батырлар институты: дәстүрлер, мәртебесі және қару-жарағы» тақырыбында музейлік экскурсия сабағына қатысты. Мұнда Музей педагогикасы орталығының ғылыми қызметкері С.Қ. Жақыпова қару сыйлау дәстүрі, қазақтардың «Бес қару» жарағы туралы айтып берді. Ашық есік күніне қатысушылар қазақ халқының балаларды әскери өнерге баулу дәстүрімен танысты. Педагог музейлік аудиториямен жұмыс барысында тактилді әдісті қолдана отырып, «Сандықтағы «құпия: батырдың әскери қару-жарағы» ойынын өткізді.

Күмбезді залдың фойесінде өткен «Қазақстанның сәндік-қолданбалы өнері» экскурсия сабағында Ғылыми-зерттеу орталығының аға ғылыми қызметкері         Г.М. Атабаева Қазақстанның сәндік-қолданбалы өнері туралы айта отырып, қазақ халқының қолөнер, зергерлік өнерінің өзіндік ерекшелігін көрсететін жәдігерлермен таныстырды.

Ашық есік күнін «Қазақстанның олимпиада чемпиондары» атты Қазақстанның спорттық даңқы залында өткен сабақ қорытындылады. Экскурсия сабақ барысында Музей педагогикасы орталығының аға ғылыми қызметкері Д.С. Кушунова еліміз мақтанатын олимпиада жеңімпаздарының жарқын жеңістері туралы әңгімелеп берді. Музейдің баспасөз залының холында балалар Н. Ә. Назарбаевтың сүйікті спорт түрлері: теннис, гольф, тау шаңғысы және т.б. танысты.