№ 5 жоба «Жастардың көшбасшылық қасиеттерін дамытудағы әлеуметтік институттардың рөлі»

Жас ұрпақ – қоғамның органикалық бөлігі. Жастар қоғам өміріне, еңбек ортасына араласқандарымен әлеуметтік-экономикалық, идеялық-саяси, отбасылық-тұрмыстық үдерістерге толығымен ықпалдасып кете алмайды. Әлеуметтік институттарда қалыптасқан көшбасшылық талпыныс адамның басқа адамдармен қарым-қатынаста болу және тіл табысу тәжірибесін алу үдерісінде өзін-өзі танытуға, өз ойын білдіруге жағдай жасайды. Шығармашылық потенциалдың және күшті мінездің иесі болып табылатын көшбасшы адам әрдайым қоршаған орта өмірін өзгерте алатын қызықты істер, еліктіретін оқиғаларды іздеумен болады.

Ойлау қабілетінің ерекшелігі мен білімге ұмтылыс – шығармашыл тұлғаның ең нәтижелі қасиеттері. Көшбасшы болу – уақыт талабы. Көшбасшылық қасиетті дамыту көп жағдайда әлеуметтік ортаға байланысты. Оң мағынасындағы көшбасшылық тұлғаның жаңашылдық қызметінің, оның қоғам дамуына қосқан шығармашылық үлесінің негізі болып табылады.
 «Отбасында, мектепте және басқа әлеуметтік институттарда лидерлік қасиеттердің қалыптасуы» жобасының нәтижелері көрсеткендей, Мемлекет басшысы мектепте оқыған жылдарда қатарластарын өзінің соңынан еліктіріп ерте алатын қасиеттерімен ерекшеленеді. Бұл оның ересек өмірдегі табыстарынының алғышарты, негізі болғаны мәлім.
Жобаның мақсаты –  Мемлекет басшысы өмірбаянын зерттеуді одан әрі тереңдету, оның тұлғалық және саяси ұстанымын өскелең ұрпақ арасында насихаттау болып табылады.
Осыған орай, әлеуметтік дамудың түрлі деңгейі мен кезеңдеріндегі Елбасы қасиеттері қалыптасуының жолдары мен ықпал етуші факторларды көрсететін Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаевтың жеке тәжірибесінен алынған материалдарды жүйелеу жоспарлануда.
 
   2015 жылдың 7 қазанынан 25 қарашасы аралығында Райымбек батыр атындағы № 50 «Қазғарыш» мектеп-лицейінің 10-сынып оқушыларына «Жастардың бойында лидерлік қасиетті дамыту» элективті курсы өткізілді. 
   Тыңдаушылар «лидер» ұғымын жан-жақты дамыған, үйлесімді тұлға ретінде қарай отырып, 18 сағаттық бағдарлама барысында лидерлік қасиеттің қалыптасуы мен дамуына ықпал ететін отбасы, қоршаған орта, мектеп, табиғат, ұлттық тәрбиенің рөлдерін талқыға салды.
    Сабақты өткізу кезінде Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Музейі Музей педагогикасы орталығының аға оқытушысы Ә.Ә. Оспанова ұжымдық, топтық, жеке, зерттеу, жобалау сынды түрлі әдістерді қолданды, сонымен қатар оқушылардың коммуникативтік және жағдайды шеше білу құзыреттілігін дамытуға бағытталған психологиялық тренингтер жүргізді. 
   Курс аясында қатысушылар үшін белгілі актер, әнші әрі сазгер, «Балалық шағымның аспаны», «Елбасы жолы», «Тығырықтан жол тапқан» фильмдерінде басты рөл – Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлының тұлғасын сомдаған Нұрлан Әлімжанмен кездесу ұйымдастырылды. Кездесу барысында Нұрлан Баянғалиұлы өзінің ойнаған рөлдері туралы әсерлерімен бөлісе отырып, Мемлекет басшысы болу оңай еместігін, металлургтардың ауыр еңбегі мен мұндай мамандықты меңгеру үшін қандай қасиетке ие болу керектігін әңгімелеп берді.
   Элективті курстың қорытынды сабағы «Лидер болу – уақыт талабы» ғылыми-тәжірибелік конференциясының шеңберінде өтіп, оған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Ә.Т. Бимендина, Астана қ. Білім басқармасының әдіскерлері, ғылыми және педагогикалық қауымдастық, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты.
    Курсқа қатысушылар соңғы сабақта жастарға үндеу жолдап, онда еліміздің болашағын қай салада болмасын, дамытуға әрдайым дайын екендіктерін атады. Сонымен қатар, балалар өздерінің бойында лидерлік қасиетті дамытудағы отбасы, мектеп, мұғалімдері мен сыныптастарының рөлдері туралы өз ойларымен бөлісті. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Күніне «Алға, Қазақстан» флешмобын сыйға тартты.      .
   Элективті курсты қорытындылау барысында тыңдаушылар сертификаттарға, ал ең белсенді оқушылар Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Музейінің директоры және Астана қ. Білім басқармасы басшысының атынан Алғыс хаттарға ие болды.