«НҰРСҰЛТАН НАЗАРБАЕВ – МЕМЛЕКЕТТІК ҚҰРЫЛЫСТЫҢ ҚАЗАҚСТАНДЫҚ МОДЕЛІНІҢ НЕГІЗІН САЛУШЫ» АЙМАҚТЫҚ ДӨҢГЕЛЕК ҮСТЕЛІ

2018 жылғы 15 қарашада сағат 10.00-де Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінде «Нұрсұлтан Назарбаев – мемлекеттік құрылыстың қазақстандық моделінің негізін салушы» атты аймақтық дөңгелек үстелі өтеді.

Іс-шараның мақсаты – мемлекет басшысының стратегиялық бағдарламасы аясында мемлекеттік құрылыстың қазақстандық моделін құрудағы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың рөлін талқылау.

Дөңгелек үстел жұмысына ҒЗИ-ның ғылыми қызметкерлері, сарапшылар, ЖОО-ның оқытушылары, докторанттар, магистранттар, студенттер қатысады.

Аймақтық дөңгелек үстел жұмысында келесі сұрақтардың талқылауы күтілуде: «Нұрсұлтан Назарбаев және мемлекет құрылысының қазақстандық моделі», «Қазақстан Президентінің Құбылысы – сыртқы саясат стратегиясының генераторы ретінде», «Адами капитал – ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың стратегиялық бағдарламасы аясында тәуелсіз Қазақстанның инновациялық дамуының негізі», «Ұлтаралық қарым - қатынастардың үйлестірілуі, төзімділік, келісім».

Басқосуда спикерлер ретінде Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы директорының бірінші орынбасары, саяси ғылымдарының докторы, профессор Әмірхан Рахымжанов, Қ. Жұбанов атындағы АӨМУ өңірлік мемлекеттік университетінің ректоры, филология ғылымдарының докторы, профессор Бауыржан Ердембеков сөз сөйлейді. Сондай-ақ Ақтөбе облысының ғалымдары, зерттеушілері және университет оқытушылары да өз ойларын ортаға салады.  

Іс-шара Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының «Н. Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» кешенді көшпелі көрме жобасы аясында өтеді. Жоба Елбасы кітапханасының жинақтарынан ұсынылған қор көрмесіне негізделген. Жинақталған, жүйеленген архивтік, кітап, жәдігерлік кешендер Тәуелсіздігіміздің тарихын, Қазақстанда Президенттік институттың қалыптасуы мен даму бойынша бірегей зерттеу, талдау, мәдени-ағартушылық, білім беру, ақпараттық алаңды жасақтайды. Жоба аясында ауқымды ғылыми-білім беру және мәдени-ағарту шаралары, Ақтөбе облысы бойынша көшпелі экскурсиялар ұйымдастырылады.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының «Н. Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» көшпелі көрме жобасы 2017 жылғы қарашада Алматыдан бастау алып, 2018 жылғы ақпан айында Түркістан облысында жалғасса, ал қыркүйек айында Атырау облысында табысты өтті. Жалпы 2017-2018 жылдары көрмені 350 мыңнан астам адам тамашалады.