«Олимпиадалық қозғалыс» көрмесі

2 наурыз – 3 қыркүйек  2017 ж.
 
«Олимпиадалық қозғалыс» көрмесі
 
Ұлттық Олимпиадалық комитеттің 25 жылдығына арналған «Олимпиадалық қозғалыс» көрмесі Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының серіктестік жобасы аясында Қазақстан Республикасының Ұлттық Олимпиадалық комитетімен бірлесіп ұйымдастырылды. 1992 жылы біздің еліміз Халықаралық Олимпиадалық комитеттің 192-ші мүшесі болып қабылданды. Осы жылдан бастап олимпиадалық қозғалыстың жеке, тәуелсіз субъектісі ретінде бекітілді.
 
«Олимпиадалық қозғалыс» көрмесінде алғаш рет Қазақстанның 25 жылдық спорттық тарихындағы жетістіктерін көрсететін қазақстандық чемпиондардың жүлделері, Ұлттық Олимпиадалық комитет президенттерінің жеке коллекцияларынан алынған заттар және мұрағаттық құжаттар ұсынылды. Айтулы спорттық жеңістер тарихының хронологиясы ҰОК-тің барлық президенттері: А.С. Ақпаев (1992-2002 жж.), Т.Қ. Досымбетов (2002-2006 жж.),   
Т.М. Досмұхамбетов (2006-2015 жж.), Т.А. Құлыбаев (2015 ж. бері) сақтаған материалдар арқылы көрсетілді.
 
Көрменің ашылу рәсіміне еліміздің белгілі спортшылары: Жақсылық Үшкемпіров, Гузель Манюрова, Бахтияр Артаев және т.б. қатысты. Олимпиада чемпионы Бахтияр Артаев өз сөзінде: «Бұл көрменің маңызы өте үлкен. Мемлекет басшысы жұмыс жасаған резиденцияда спорттық медальдар, кубогтар, спортшылар үшін маңызды жүлделер көрермен назарына ұсынылған. Шетелден және еліміздің әр өңірінен келген қонақтар біздің тарихымызбен және жетістіктерімізбен таныса алады», - деп атап өтті.
 
Көрменің интерактивті аймақтары келген қонақтарға өздерінің сүйікті спортшыларымен бірге фотосуретке түсуге мүмкіндік берді. Көрмеде ұсынылған материалдар қазақстандықтардың спорттық Олимптегі даңқты жеңістерімен тағы бір мәрте таныстыруға мүмкіндік туғызды.