2018 жылдың 3 наурызында сағат 10.30-да Елбасы кітапханасында Орталық Азиядағы БҰҰ моделі сессиялары ашылады. Жобаның мақсаты: Қазақстанның барлық өңірлерінде БҰҰ моделі жастар конференциясын институцияландыруға бағытталған халықаралық тәжірибелерді қолдана отырып, Қазақстан мен Орталық Азиядағы жастардың біріккен алғашқы БҰҰ моделінің Үйлестіру Орталығын құру.

Біріккен Ұлттар Ұйымы моделі – бұл студенттер мен жоғары сынып оқушыларының БҰҰ-ның бірнеше ресми тілдерінде осы ұйым органдарының жұмыстарын көрсететін, дипломатиялық, лидерлік, шешендік және тілдік машықтануға, ымыраға келуге үйрететін ғылыми конференция мен рөлдік ойындардың жиынтығы.

БҰҰ моделінің қатысушылары – делегаттар, төрағалар, бақылаушылар және сарапшылар БҰҰ-на мүше мемлекеттердің және халықаралық ұйымдардың ресми өкілдері ретінде өз комитеттерінің күн тәртібіндегі мәселелерін талқылайды. Делегаттар жеке көзқарастарынан бөлек, өз мемлекеттерінің ресми ұстанымын ұсынады. Әрбір комитеттің басты мақсаты – ұсынылған мәселелер бойынша қарар қабылдау.

Жоспарланған БҰҰ моделі сессияларының тақырыбы – «ХХІ ғасырдағы жаппай қырып-жою қаруын таратпау: Иранның ядролық бағдарламасы және Таяу Шығыстағы бейбіт өмір».

Сессияның ашылуында Елбасы кітапханасы директорының орынбасары, саяси ғылымдарының докторы, профессор Әмірхан Рахымжанов, ҚР Иран Ислам Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі Моджтаба Дамирчилу, «Жаңа Жібек жолы» БҰҰ халықаралық моделінің президенті, Колумбия университетінің профессоры Рафис Абазов, Орталық Азиядағы БҰҰ моделінің үйлестірушісі Валихан Бахретдинов сөз сөйлейді. Шара барысында «Орталық Азиядағы БҰҰ моделін дамыту және институцияландыру» тақырыбында сарапшылардың отырысы өтеді.

Сарапшылар отырысының қатысушылары мен БҰҰ моделінің делегаттары үшін БҰҰ қоғамдық ақпарат департаментінің өкілі Властимил Самек мырзаның бейне сөзі ұсынылады.

 

Мекенжайымыз: Астана қаласы, Ә. Бөкейхан көшесі, 1.