2017 жылдың 8 желтоқсанында, сағат 11.00-де Елбасы кітапханасында «Туған жерім» XIIІ республикалық балалар шығармашылығының қорытындысы бойынша көрменің ресми ашылуы және жеңімпаздарды марапаттау салтанаты өтеді. Көрме Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне және елорданы Астанаға көшірудің 20 жылдығына арналады.

Балалар шығармашылығына арналған «Туған жерім» республикалық байқауы жыл сайын Тәуелсіздік күні қарсаңында Елбасы кітапханасының «Балалық шақтан көзқарас» атты балалар жобасының аясында Астана қаласының ЮНЕСКО клубы – Балалар көркемсурет мектебімен бірлесіп ұйымдастырылады. Елбасы кітапханасы осы жобаның аясында таяу шетелдерден және Қазақстанның әр өңірінен жиналған дарынды балалардың шығармашылығына арналған тұрақты алаңын ұсынады.

Байқауға еліміздің барлық өңірлерінен 400-ден астам жұмыстар ұсынылды. Қатысушылар – 10–16 жас аралығындағы көркемсурет мектептерінде және өнер мектебінің көркемсурет бөлімінде оқитын, Қазақстан Республикасы Оқушылар сарайының шығармашылық үйірмелерінде және бейнелеу өнері студияларында тәлім алатын балалар.

Ұсынылған жұмыстар заманауи балалар көркем шығармашылығының жетістігін, байқауға қатысатын жұмыс жетекшілерінің кәсіби шеберлігінің деңгейін көрсетеді. Жыл сайын байқаудың шарты бойынша орындалу техникасы ұйымдастыру комитетімен қарастырылады. Байқау жарияланғаннан бері кескіндеме техникасы, мүсін және әртүрлі техникаларда орындалған сәндік-қолданбалы өнер туындылары ұсынылды.

«Туған жерім» көрмесі 2018 жылдың 8 қаңтарына дейін жалғасады.

Өткізілетін орны: Астана қаласы, Ә. Бөкейхан көшесі, 10.