Санкт-Петербург қаласындағы Смольный соборының концерттік-көрме залындағы «Қазақстан жолы» көрмесі.

Санкт-Петербург қаласындағы Смольный соборының концерттік-көрме залында Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Музейінің қорынан құралған «Қазақстан жолы» көрмесі өтті. Көрме «Мәдениет арқылы үнқатысу» халықаралық серіктестік жобасының аясында Музей және «Исаакиевский собор» Мемлекеттік музей-ескерткішімен бекітілген Меморандум негізінде ұйымдастырылды.
Бірегей деректі және фотосуреттер жиынтығы сонымен қатар Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Музейінің қорындағы жәдігерлер топтамасы көрмені ұйымдастырудың негізгі мақсатын айқындады – ол Қазақстанның қазіргі заманғы тарихындағы өзекті оқиғалар тізбегін көрсету. Қазақстан Республикасы кешегі Кеңес Одағы ыдырағаннан кейінгі тұрақсыздықтан өзінің ұзақ жылдарға арналған даму стратегиясын анықтаған мемлекетке айналды. Көрме материалдары Қазақстанның болашағына ұмтылған реформалар мен оқиғаларды көрсетуге арналды.  Олардың ішінде: Семей ядролық сынақ полигонының жабылуы, ұлттық валютаның енгізілуі, Конституцияның қабылдануы, Елордамыздың Алматыдан Астанаға көшірілуі және т.б. Экспозиция «Болашақты жасау», «Тәуелсіздіктен жаһандануға дейін», «Шындыққа арналған арман», «Бейбітшілік пен келісім аймағы», «Тұлғалық қасиеттер» атты Қазақстанның қазіргі заман тарихымен дәйекті таныстыратын бес бөлімнен құралды.
«Қазақстан жолы» көрмесінің материалдары Қазақстан Республикасының егемендігін қалыптастырудағы өзіндік «Қазақстан жолын» айқындаған Н.Ә.Назарбаевтың жеке тұлғалық қасиеттерін жан-жақты көрсетті.
 
Көрменің ашылу салтанатына Музей директоры Алма Сағынғали, Санкт-Петербург үкіметінің өкілі және Қазақстан Республикасының Бас консулы Ермек Пірімбетов қатысты. Көрменің ашылу құрметіне арнайы ұйымдастырылған концертте алғашқы рет ресейлік көрермен алдында қазақстандық орындаушылар виолончель, скрипка және фортепиано үшін жазылған А. Жайым өңдеуінен өткен Дәулеткерейдің «Кероғлы» күйін орындады. Сонымен қатар Смольный соборының камерлік хоры орыс және қазақстандық авторлардың туындыларып орындады.