САРАПШЫЛАР ПІКІРІ: МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫНЫҢ БІРІККЕН АРАБ ӘМІРЛІКТЕРІНЕ РЕСМИ САПАРЫ

2018 жылғы 24 наурызда Қазақстан Республкасының Тұңғыш Президенті Біріккен Араб Әмірліктеріне ресми сапармен барды.

Н.Ә. Назарбаев Абу Дабидің мұрагер ханзадасы, БАӘ Қарулы Күштері Жоғарғы Бас қолбасшысының орынбасары шейх Мұхаммед бен Заида Аль Нахаянмен келіссөздер жүргізді. Кездесу барысында сауда-экономикалық, инвестициялық, энергетикалық, мәдени-гуманитарлық салалардағы серіктестік құру мәселелері қарастырылып, халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер талқыланды. Ресми сапар аясында тараптар екі жақты құжаттарға қол қойды.

Стратегиялық зерттеулер және болжау қызметінің жетекші ғылыми қызметкері Арыспай Қабдығалиев белгілегендей, инвестиция сақтау, ғарыш технологиялары, гидроэнергетика, мұнай химиясы, ауыл шаруашылығы, цифрландыру іспетті салаларда екі мемлекеттің мақсаттары бірдей. Қазақстан өңірлік, көлік-логистикалық хабқа айналуға дайын. Ол бизнес пен инвестиция жүргізуге (бизнеске мемлекеттік қолдау алу шаралары, инвестициялық және салық артықшылықтарын алу амалдары) қолайлы жағдай жасап, елімізге деген БАӘ қызығушылығын арттырмақ. Бұл арқылы Қазақстан өндірістер алаңына айналып, өнімі Еуропа одағы, Қытай, Орта Азия, Таяу Шығыс елдеріне жол тарта алады.

Қазақстан экономикасының аграрлық секторы Әмірліктер нарығына қарап бой түзейді. 2018 жылға қарай Біріккен Араб Әмірліктеріне мал шаруашылығы өнімдерінің жеткізілімін (аз дегенде 30-50%-ға) ұлғайту жоспарланып отыр. Қазақстан мен БАӘ арасында ет, ет өнімдері мен құс етінің экспортына ветеринарлық сертификат келісілді. Нәтижесінде, алғаш рет аталмыш мемлекетке елімізден мұздатылған сиыр еті шығарылды.

Халықаралық ғылыми жобалар қызметінің аға ғылыми қызметкері Осман Досовтың пікірінше, ҚР мен БАӘ арасында екі жақты қарым-қатынастардың құрылуында мемлекеттер басшыларының бір-біріне деген сенімі мен достық ықыластары маңызды рөл атқарады. Жиі өткізілетін жоғарғы дәрежедегі ресми кездесулер мен екі жыл ішіндегі сауданың елеулі өсімі оған дәлел болып отыр. Осы тұста капитал мен инвестицияны қажет ететін аэроғарыштық өнеркәсіпті дамытушы бағыт ретінде атап өтуге болады (үстіміздегі жылдың наурызында ҚР, БАӘ, РФ ғарыш ведомстволарының өкілдері ғарыш қызметінде серіктестік құру жөніндегі келісімге келді).

Ал «Ақтау теңіз порты»  арнайы экономикалық аймағы акционерлік қоғамының 49% акцияларын иелену қағидалары жөніндегі және «Қорғас – Шығыс қақпасы» АЭА басқару компаниясы» АҚ капиталына «DP World» қатысу қағидалары жөніндегі шекті келісімдерге қол қойылуы «Бір белдеу – бір жол» бастамасына деген БАӘ-нің қызығушылығын білдіріп, алдағы уақытта ҚР мен БАӘ-нің логистикалық саладағы бірлесуін болжайды. Демек, Әмірліктермен қарым-қатынастарды тереңдету Астананың теңіз жолдарына шығуына оң әсерін тигізбек.

Стратегиялық зерттеулер және болжау қызметінің аға ғылыми қызметкері Аида Шайықованың ойынша, Мемлекет басшымыз Н.Ә.Назарбаевтың Біріккен Араб Әмірліктеріне ресми сапары қомақты қорытындыларға ие және қос мемлекет арасындағы экономикалық серіктестіктің өрістеуі мен дамуына тигізер әсері мол. Нақты нәтижелерге тоқталар болсақ, ресми сапар барысында қол қойылған жобалардың (тікелей инвестициялардың) құны 10 млрд доллардан астам қаражатты құрайды. Бұл – жақсы бастама. Сонымен қатар, Инвестицияны өзара қорғау жөніндегі келісімге қол қойылды. Осы орайда мемлекеттер арасындағы екі жақты сауда өсімін де атап өткен жөн. Былтырғы қорытындылар бойынша, сауда айналымы (374 миллионнан 643 миллионға дейін) екі есе ұлғайған. Ал екі мемлекет арасына визасыз тәртіп енгізу – экономикалық серіктестіктің ілгері дамуына түрткі болары сөзсіз.