САЯСИ ТҰРАҚТЫЛЫҚ ПЕН ОРНЫҚТЫ ДАМУҒА СЕРПІН БЕРЕДІ - САРАПШЫЛАР ПІКІРІ

Халықаралық қоғамдастықтың назарын өзіне аударған, жоғары деңгейде ұйымдастырылған Каспий маңы елдерінің V саммитінде Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияға қол қойылысымен, сарапшылар қатысушы елдердің құқықтары мен міндеттемелері тұрғысындағы пікірлері мен көзқарастарын білдіруде.

Каспий маңы мемлекеттерінің бір-біріне деген шынайы сенімі, құрметі анық көрінген Ақтау саммиті, онда қабылданған Конвенция жөніндегі ақпараттар мазмұны, сарапшылардың пікірлері аталған жиынның өңірдегі саяси тұрақтылық пен орнықты дамуға жаңаша серпін беретінін растай түсуде. Осы орайда отандық сарапшылар да V саммиттің сәтті өткенін, қол қойылған Конвенцияда қамтылған мәселелердің өзекті екенін айтуда. Сондықтан бүгін біз елімізге танымал бірқатар мамандардың көзқарастарын, пікірлерін назарларыңызға ұсынуды жөн көрдік.

Әріптестік өрісі кеңейеді

Ақтау саммитінде Қазақ­стан, Әзербайжан, Иран, Түрік­менстан және Ресейге ортақ тарихи құжаттың қабылдану сәтіне куә болдық. Құ­жат­тың қабылдануына 20 жыл­дан астам уақыт жұмсалып, бү­гін ол қоғам арасында бейресми «Каспий теңізінің конституциясы» деп аталып та үлгерді. Конвенцияда Каспий теңізін­дегі экологияның, көлік пен таби­ғат­­ты пайдаланудың, шектеу қою мен қауіпсіздік си­пат­тарының барлық аспек­тілері қамтылды.

Қазақстанның жан-жақ­ты ынтымақтастықты дамыту үшін оның сенімді құқықтық негізін жасақтау қажеттілігін уақытында түсінуі үлкен нәти­же берді. Бүгінгі таңда Қазақ­стан Каспий теңізіне қатыс­­ты 18 келісімшарттың қатысу­шысы екенін айта кеткен абзал. Оның 9-ы бесжақты тарап негізінде қол қойылған құжаттар болып табылады.

«Каспий бестігінің» туындаған мәселелерді шешу жолдарын ұдайы іздестіріп, ортақ бітімге келуге ұмтылуын бұған дейінгі өткен келіссөздер барысында орын алған объективті қиындықтарды еңсеруі мен дипломаттардың қажырлы еңбегінен байқауға болады. Нәтижесінде негізгі мәселелер бойынша бес ел консенсусқа қол жеткізді. Әсіресе жағалау елдері тәуелсіз жаға шегі мен жеке-дара құқықтарға бай­ланысты, теңізде жүзу режім­­дері, әлемдік мұхит­қа Кас­пий теңізінен барлық көлік құрал­дарымен еркін еніп-шығу, суасты құбырларын салу бойын­ша келісімге келе алды.

Қа­был­данған Конвенция және қосымша құжаттар энергия ресурстарын өндіру мен тасымалдаудан бастап, ауқымы кең жаңа біріккен жобаларды жүзеге асыруға, экология мен қауіпсіздік мәселелері бойынша келісімге келуге мүмкіндік берді. Бұл аймақтық деңгейде Каспий маңы елдерінің ғана емес, Орталық Азия елдері­нің ынтымақтастықты арттыра түсуіне жол ашып отыр. Мәсе­лен, «Нұрлы жол» бағдар­ламасы мен Қытайдың «Бір жол – бір белдеу» жобасын ұштас­тыру Қазақстанның аймақтық және ғаламдық деңгейде өзін көрсетуіне мүмкіндік береді.

Теңіздің құқықтық мәрте­бесінің айқындалуы «Каспий бестігіне» әріптестіктің жаңа белесіне көшуіне негіз болып отыр. Құжат Қазақстанның тұйық континентальды елден теңіз державасына айналуына мүмкіндігі бар екенін көрсетуде. Осылайша Қазақстан жерінде Ресей, Иран, Әзербайжан және Түрікменстан сауда, туризм, өнеркәсіп, экономиканың бас­қа да салалары бойынша халық­аралық-құқықтық күші бар жаңа құжатқа ие болды.

Каспий маңы елдері теңіз­дің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияны қабылдау арқы­лы кең құқықтық базаға ие бол­ғаны сөзсіз. Бұл шекаралас ел­дердің түрлі салаларда ор­тақ әрекет етулеріне жол аша­ды. Мемлекеттер басшылары дең­гейінде қол қойылған Конвенция мен маңызды саяси шешімдер Каспийге байланысты көптеген сұрақтардың шешілуіне үлкен ықпал ететіні даусыз.

Гүлзат КӨБЕНОВА, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы 

ММ директорының орынбасары
 

www.egemen.kz