«Семей замана ағымында» көрме

10 – 29 шілде 2013 ж.

«Семей замана ағымында» көрме

      Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Музейінде Семейдің облыстық тарихи-өлкетану музейінің 130 жылдық мерейтойына арналған «Семей замана ағымында» атты фотокөрмесі өтті. Көрме Музейдің Музейаралық серіктестік жобасының аясында ұйымдастырылды.
Көрме экспозициясына Семейдің облыстық тарихи-өлкетану музейінің алтын қорынан алынған ХІХ-ХХ ғғ. қаланың бірегей фотосуреттерімен қатар жаңа қаланың көріністері, және әр түрлі жылдардың фотоаппараттары қойылды. Семей қаласы қазақ әдебиеті, ғылым мен өнерінің негізін қалаушылардың отаны болып табылады. Бұл – ұлы Абайдың, ғұлама философ Шәкәрім Құдайбердіұлының, әлемге танымал жазушы Мұхтар Әуезовтің, әнші Әміре Қашаубаевтың туған жері, алашордалықтардың шығармашылық қызметі де осы қаламен тығыз байланысты.
Семей облыстық тарихи-өлкетану музейі Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Музейінің қалыптасқан серіктесі болып табылады. Көрменің салтанатты ашылу рәсімінде Семейдің облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Б. Н. Теміров, Қазақстан Республикасы Ұлттық мұрағатының бас директоры М. О. Әбсеметов, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Музейінің директоры А. С. Сағынғали сөз сөйледі.