ШЫМКЕНТ Қ. БАЛАЛАР КӨРКЕМСУРЕТ МЕКТЕБІ–ЮНЕСКО КЛУБЫ ТӘРБИЕЛЕНУШІЛЕРІНІҢ ДИПЛОМДЫҚ ЖҰМЫСТАРЫ КӨРМЕСІНІҢ АШЫЛУЫ

2018 жылдың 21 мамырында сағ.: 16.00-де Елбасы кітапханасының Музейінде Шымкент қаласының Балалар көркемсурет мектебі–ЮНЕСКО клубы тәрбиеленушілерінің дипломдық жұмыстары көрмесінің ашылу салтанаты өтеді.

«Туған өлкем» көрмесі 2018 жылдың ақпан айында бастау алған балалар шығармашылығын қолдау бойынша республикалық бағдарламасының аясында ұйымдастырылып отыр. Астананың 20 жылдығы қарсаңында «Туған өлкем» бағдарламасының шеңберіндегі барлық көрмелер елорданың мерейтойына арналады.

Н. Ә. Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясындағы «Туған өлкем» балалар шығармашылығын қолдау бойынша республикалық бағдарламасы «Балалық шақтан көзқарас» жобасының 10 жылдық жұмыс тәжірибесінің негізінде пайда болды.

Бағдарламаның арқасында елорданың қонақтары мен тұрғындары республиканың балалар көркемсурет мектептерінің тәрбиеленушілерінің үздік деп танылған дипломдық жұмыстарымен таныса алады, ал бағдарлама қатысушылары болса, өнердегі өз жетістіктерін орталық алаңда көрсетуге мүмкіндік алады.

Ширек ғасыр тарихы бар Шымкент қаласының Көркемсурет мектебі көптеген жас таланттардың жолын ашты. Қазіргі уақытта мектеп түлектері республикалық және халықаралық деңгейде өнерлерін көрсетіп жүр. Мектеп түлектері мен оқытушылары көптеген республикалық байқаулардың лауреаты атанды. 2008 жылы шығармашылық жолында жеткен жетістіктері үшін мектеп ЮНЕСКО клубы мәртебесіне ие болды.

Көрмеге ұсынылған жұмыстар мектепте оқылатын бейнелеу өнері техникасының сан алуандылығын ашып көрсетеді. Барлығы көрмеге 60-тан астам диплом жұмыстары ұсынылады. Бұл көрмеде Шымкент қаласының Балалар көркемсурет мектебі педагогтері мен оқушыларының көп жылғы еңбегі көрініс табады.

Көрме 2018 жылдың 3 маусымына дейін жалғасатын болады.

 

Мекенжайымыз: Астана қаласы, Бейбітшілік к-сі, 11.