Солтүстік Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану мұражайындағы «Қазақстан: бейбітшілік, руханият және келісім территориясы» көрмесі.

  2015 жылдың 16 шілдесінде Солтүстік Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану мұражайында Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Музейінің (Астана қ.) қорынан жинақталған «Қазақстан: бейбітшілік, руханият және келісім территориясы» атты көрменің ашылу салтанаты өтті.
     Көрмені Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары А.Қ. Дүйсенова, Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Музейінің директоры А. Сағынғали, Солтүстік Қазақстан облысының Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының басшысы Н.К. Салимов ашты.
     Көрменің ашылу салтанатына жергілікті билік органдарының жетекшілері, қоғам өкілдері, Петропавл қаласы мұражайларының, мәдени мекемелерінің директорлары қатысты.
     Көрмеде тәуелсіз Қазақстанның мерейтойлық күндері – Конституция мен Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына байланысты құжаттар, фотосуреттер мен мұражай құндылықтарынан тұратын 111 жәдігер қойылды.
     Көрменің негізгі мазмұнын Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Музейі қорындағы бірегей материалдар жинағы ашты: Н.Ә. Назарбаевтың жеке заттары мен құжаттары, шетел мемлекеттерінің басшылары мен үкіметтерінен берілген сыйлықтар, жас мемлекеттің дамуы мен халықаралық беделін нығайтуға бағытталған Елбасының қызметін, бастамаларын көрсететін фото және мұрағат құжаттары.
     Келушілер Қазақстан халықтарының ұлттық мәдениетін, тілін және әдет-ғұрпын ашатын бейнелеу өнері және сәндік-қолданбалы өнер туындыларын: күміс бұйымдары, паннолар, мүсіндер, кәдесыйлық композициялар, тұрмыстық заттар, кілемдер мен әлем халықтарының ұлттық киімдерін тамашалады.