«Тарихи таңдау» ғылыми-экспозициялық жобасының көрмесі

2016 жылдың 30 қараша күні ҚР Тұңғыш Президенті Музейі Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Күніне арналған көрмелер және экскурсияларды ұйымдастыру және өткізу барысында бұқаралық-ақпараттық жұмысты жүргізу мақсатында кезекті рет өзінің әлеуетті келушілеріне барып қайтты.

«Тарихи таңдау» ғылыми-экспозициялық жобасының көрмесі  аясында жыл сайын дәстүрге айналған көшпелі экскурсиялардың тыңдарманы бұл күні Ақмола облысы Аршалы ауданы Жібек жолы ауылындағы Новоалександров және Иманжүсіп Құтпанұлы орта мектептерінің 9-11 сынып оқушылары мен ұстаздар ұжымы болды.

Мұрағаттық және мұражайлық қорлардан ұйымдастырылған «Тарихи таңдау. Бастамасы» көшпелі экскурсиялары ел тарихының ең күрделі сәттерінде Ұлт Көшбасшысы атанған тұлғаның әлеуметтік, азаматтық қасиеттері қалыптасқан тарихи ортаны кеңінен ашып көрсетті. Тыңдаушылар 1960-70 жж. құжаттарын парақтап, Қазақ КСР-нің республикалық баспасөздерінде жарияланған мақалалармен танысты.

Әр алуан құжаттардың бірегей жинағы Н.Ә. Назарбаевтың комсомол-металлургтен бастап ҚазКСР Министрлер Кеңесінің Төрағасы, Қазақстан КП ОК Бірінші Хатшысы, Жоғарғы Кеңес Төрағасы және Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасына дейінгі жүріп өткен  жолын танып білуге   мүмкіндік берді. ҚР Тұңғыш Президенті Музейінің қорларынан ұсынылған жәдігерлер кешені – билік нышандары – әскери қолбасшылардың асатаяқтары, Силла мемлекеті билеушілерінің тәждері (Оңтүстік Корея), теңіз кездігі, индонезиялық крис қанжары және т.б. тыңдаушылардың ерекше қызығушылығын тудырды.