«Тарихи таңдау» көшпелі көрмесі

2014 ж. 21 қарашада Г.Н. Потанин атындағы Павлодар облыстық тарихи-өлкетану мұражайында Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Музейінің қорынан ұйымдастырылған «Тарихи таңдау» көрмесінің ашылуы өтті.

    Көрмені Павлодар облысы әкімінің орынбасары А.А. Орсариев, Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Музейі директорының орынбасары К.Қ. Ақтаева ашты.
    Көрменің ашылу салтанатына жергілікті билік органдарының жетекшілері, қоғам өкілдері, қалалық мәдени мекемелерінің басшылары, ЖОО-ның студенттері мен қала оқушылары қатысты.
«Тарихи таңдау» көрмесі ҚР Тұңғыш Президенті Музейінің ғылыми-экспозициялық жобасы аясында құрылған.
    1991 жылы 1 желтоқсанда Қазақстан халқы Н.Ә. Назарбаевты Тұңғыш Президенті ретінде сайлап, өзінің шынайы тарихи таңдауын жасады.
    2012 жылы жаңа мереке күнін бекіткеннен кейін бірегей мұрағаттық қоры бар ҚР Тұңғыш Президентінің Музейі жыл сайын жұртшылыққа «Тарихи таңдау» көрмесін ұсынады. Экспозицияда Қазақстан Президентінің алғашқы бүкілхалықтық сайлауына қатысты оқиғаларды баяндайтын мұрағаттық және заттық материалдар кешені көрсетілген.
   Жоба аясында еліміздегі президенттік институттың қалыптасуы мен даму  үрдістеріне жарық түсіретін мұражайлық әдістер арқылы, тұрақты және көшпелі көрмелер, тақырыптық және көшпелі экскурсиялар өткізіледі.
     Осы жылы Астанадан Павлодарға әкелінген көрменің негізгі мазмұнын ҚР Тұңғыш Президенті Музейінің қорындағы бірегей материалдар жинағы ашады: Н.Ә. Назарбаевтың жеке заттары, шетелдік мемлекеттер мен үкімет басшыларынан берілген сыйлықтар, жас тәуелсіз мемлекеттің үдемелі дамуы мен халықаралық деңгейде беделін нығайтуға бағытталған Елбасының қызметін, бастамаларын, идеяларын баяндайтын фото және мұрағат құжаттары.