«Тарихи таңдау. Стратегиялар» қор көрмесі

24 қараша 2016 ж. – 29 қаңтар 2017 ж.
 
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне және тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған «Тарихи таңдау. Стратегиялар» қор көрмесі.
 
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының кітапханасы Музейінің ғимаратында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне және тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған «Тарихи таңдау» ғылыми-экспозициялық жобасының жалғасы болып табылатын «Тарихи таңдау. Стратегиялар» тақырыптық қор көрмесі өтті. Аталмыш көрме маңыздылығы жағынан мерейтойлық күндерді атап өтуге арналған ең басты іс-шаралар топтамасы болып табылады. Ол Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 25 жылдығын мерекелеуге арналған іс-шаралардың Республикалық жоспар-кестесіне енгізілген.
 
Көрменің негізгі мақсаты – мұрағаттық және музейлік материалдар негізінде тәуелсіздік идеясын және оның мемлекеттік егемендік жағдайындағы жүзеге асуын жүйелі түрде ашып көрсету.
 
Экспозиция Қазақстанның жаңа астанасын жариялаған орын ретінде Астана тарихына енген Күмбезді залда орналасқан. Көрме келесідей негізгі бөлімдерден тұрады: «Тәуелсіздік жаршылары», «Тарихи таңдау», «Табыс стратегиясы» және «Болашақ энергиясы».
 
Әр бөлім Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің негізгі кезеңдерін, оның қалыптасуы мен нығаюын, сондай-ақ, Қазақстанның әлемдік аренадағы жетістіктерін Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының, ҚР Президенті Мұрағатының, Астана қаласының Мемлекеттік мұрағатының, Қызылорда тарихи-өлкетану музейінің, Солтүстік Қазақстан облыстық музейлер бірлестігінің кітапхана және мұрағат қорларынан алынған тарихи құжаттар, мұрағаттық фото- және бейнематериалдар, газеттік жарияланымдар мен жәдігерлер арқылы кезең-кезеңімен ашып көрсетеді.
 
«Тарихи таңдау. Стратегиялар» көрмесі Н. Ә. Назарбаевтың мазмұны жағынан әлемдік қауымдастықтар тарапынан мойындалған және бүкіл әлем үшін бүгінгі күні елеулі нәтижелер көрсеткен алғашқы саяси бастамаларымен танысуға мүмкіндік береді.