Техника ғылымдарының докторы Қабидолла Сарекеновпен Политехникалық колледжі мен Инновациялық колледждің оқушыларымен кездесу өткізумен жалғасты

  Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Музейінің шаралары 2016 жылдың 22 сәуірінде «Елбасытану» курсының аясында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н. Ә. Назарбаевтың курстасы, техника ғылымдарының докторы Қабидолла Сарекеновпен Политехникалық колледжі мен Инновациялық колледждің оқушыларымен кездесу өткізумен жалғасты.

      Сарекенов Қабидолла Зұлқашұлы 1958-1960 жылдары Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевпен бірге Украинаның Днепроджерзинск қаласындағы № 8 кәсіптік-техникалық училищеде металлург мамандығын меңгерген. 1960-1978 жж. шойыншы, көрікші, газшы, өндірістік шебер болып еңбек атқарады. Металлургияға деген кәсіби қызығушылығы Қарағанды политехникалық институтының филиалында оқыған тұста арта түседі. 1978-1988 жж. аралығында Қарағанды металлургия комбинаты партия комитеті хатшысының орынбасары, Қазақстан Коммунистік партиясы Теміртау қалалық комитетінің хатшысы, Теміртау қалалық атқару комитетінің төрағасы қызметтерін атқарады.

      2000-жылдары домналық балқыту технологиясы бойынша ғылыми жұмыстардың циклын жариялап, докторлық диссертация қорғайды.

      Қ.З. Сарекенов – ғылым мен техника саласындағы Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты. Қырыққа жуық ғылыми еңбектің және қара металлургия саласында бір өнертабыстың авторы. Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, Қазақстан Республикасы Ұлттық инженерлік академиясының корреспондент-мүшесі. «Құрмет белгісі», «Парасат», «Құрмет» ордендерінің және бірнеше медальдардың иегері.

      Кездесуде Қабидолла Сарекенов өз өмірбаяны мен өнегелі еңбек жолдары туралы, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н. Ә. Назарбаевпен танысып жолдас болуы жайлы мазмұнды әңгімелеп, қызықты естеліктерімен бөлісті.

      Іс-шара барысында Президенттің достары мен серіктестерінің сүйікті әндері мен өлеңдері орындалды. Құрметті қонақ Мемлекет басшысының жиі орындайтын әндерінің бірі «Айнамкөзді» айтып берді. Кездесу Президенттің сүйікті «Дедімай-ау» әнін орындаумен аяқталды.