2018 жылдың 4 желтоқсанында, сағат 15.00-де Назарбаев орталығының ғимаратында «Туған жерім» XIV Халықаралық балалар шығармашылығы байқауының, сондай-ақ қосымша білім беру ұйымдарын қолдау жөніндегі «Туған өлкем» республикалық бағдарламасының лауреаттарын марапаттау рәсімі өтеді. Оның аясында жеңімпаздардың жұмыстары қойылған көрме тұсаукесері де ұйымдастырылмақ.

Іс-шараны Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті –  Елбасы кітапханасы мен 2005 жылдан бастап «Балалық шақтан көзқарас» жобасын жүзеге асырып келе жатқан ЮНЕСКО клубы – Балалар көркемсурет мектебі ұйымдастырады.

«Туған жерім» халықаралық балалар шығармашылығының байқауы 2004 жылдан бастап Тәуелсіздік күні қарсаңында өткізіліп келеді. Аталмыш жобаны Қазақстанның мәдени мұрасы мен шығармашылық бастамаларын қолдау жөніндегі «Байта» қайырымдылық қоры алға тартқан. ЮНЕСКО клубы – Балалар көркемсурет мектебі үйлестіретін конкурсқа көркемсурет мектептерінің, не болмаса бейнелеу өнері үйірмелерінің 9 жастан 18 жасқа дейінгі оқушылары қатысады.

Сайыста үздік атанған жұмыстар 2005 жылдан бастап Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітананасының төрінде көпшілік назарына ұсынылып келеді.

Көкжиегін кеңейткен шығармашылық байқау бүгінде халықаралық деңгейге шығып отыр. Жыл сайын конкурстың шарттары ұйымдастыру комитетімен жеке келісіледі. Биылғы шартқа сәйкес, тігіндегі құрақ құрау техникасы негізге алынып отыр. Көрмеде конкурс финалистерінің 50 жұмысы ұсынылатын болады.

2018 жылы Елбасы кітапханасының жаңа жобасы – балалар шығармашылығын және қосымша білім беру ұйымдарын қолдау жөніндегі «Туған өлкем» республикалық бағдарламасы іске қосылды. Жоба «Рухани жаңғыру» атты Н.Ә. Назарбаевтың бағдарламалық мақаласын қолдай түсті. Бағдарлама Қазақстанның барлық аймақтарында қосымша білім беру ұйымдарына баса көңіл бөлуге шақырады.

Бағдарламаның алғашқы жылында Елбасының кітапханасының музейінде көрмеге Семей, Павлодар, Шымкент және Екібастұз қалаларындағы балалар көркемсуерт мектебі түлектерінің дипломдық жұмыстары қойылды. Астананың 20 жылдығында «Туған өлкем» бағдарламасының барлық көрмелері елорда мерейтойына арналады.

Көрме нәтижесі бойынша қазылар алқасы үздік жұмыстармен қатар, сайысқа қатысқан әр мектептің үздік оқытушысын анықтайды. Төрт көрмеге түрлі техника мен жанрда орындалған 300-ге жуық жұмыс қатысты. Олардың үздік отызы Назарбаев орталығы ғимаратының қорытынды көрмесінде ұсынылатын болады.