«Ұлы дала бейнесі...»

2010 жылдың 4 наурызында Солтүстік қазақстан облыстық тарихи-өлкетану мұражайында (Петропавл қаласы) Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Музейінің қорынан ұйымдастырылған «Ұлы дала бейнесі...» атты көрменің (Астана қаласы) салтанатты ашылу рәсімі өтті.
      Қазақстан Республикасындағы Польша Республикасының Елшілігімен бірлесіп ұйымдастырылған бұл көрменің мақсаты – келушілерді Б.Залесский мен К. де Лазаридің туындылары арқылы қазақ халқының ХІХ ғасырдағы тұрмысымен таныстыру.
      Қазақстанға жер аударылып, ұзақ уақыт бойы осында тұрып, өмір сүрген поляк суретшісі Бронислав Залесский (1820 - 1880 жж.) өзінің соңына ғажайып офорттар сериясын қалдырды. Еуропаға қайтып оралған соң, көп жылдар бойы өзінің көргендерін еске ала отырып, қазақ жерінің тамаша табиғатының суретін салып, жариялап отырды. 1865 жылы Парижде автордың «Қазақ даласының өмірі» атты кітап-альбомы жарық көрді, ол 22 офорттан тұрады, мұнда оларға автордың түсініктемесі берілген. Еуропа суретшілері арасында тұңғыш рет Бронислав Залесскийдің «Қазақ даласындағы өмір» шығармалар коллекциясында қазақтардың өмірі нағыз шынайы қалпында көрсетілген. Үй жабдықтары, киім-кешектері, этнографиялық детальдардың суреттері аса дәлдікпен салынған, пейзаждар мен өткеннің ескерткіштері шынайы орындалған.
      Бронислав Залесский материалдары - өте биік талғамның, әсердің, табиғаттың айрықша сипатының, адамдардың және олардың ХІХ ғасырдағы өмірінің коймасы, қайнар көзі.
      Константин Николаевич де Лазари – белгілі поляк зерттеушісі, бірегей этнографиялық фотоколлекциялардың авторы. 1897 және 1898 жылдары ол Ұлы Петр атындағы Антропология және этнография музейіне (Кунсткамераға) Жетісу облысы Лепсі уезі мен Ақмола облысы Көкшетау уазі қазақтарының мәдениеті мен тұрмысын бейнелеген үш фотоматериалдар коллекциясын жіберген. Фотоколлекциялар құрамында қазақ қыздарының – қалыңдықтың тойда киетін бас киімі – «сәукеле» бар, бұл – осы бас киімнің ең алғаш түсірілген суреті. Бұл суреттердің барлығы «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында айналымға енгізілген қазақ халқының этногенезі, салт-дәстүрлері бойынша сенімді құжат көзі болып табылады.
      Бұл көрме тұңғыш рет 2009 жылдың күзінде Тұңғыш Президент Музейінің қабырғасында ұсынылды, неді сәуірдің 4-іне дейін оны Петропавл қаласының тұрғындары мен қонақтары тамашалай алады.