«Ұсталық – ұрланбайтын қасиет» атты Естай Дәубаевтың жеке көрмесі

27 наурыз – 21 сәуір 2013 ж.

«Ұсталық – ұрланбайтын қасиет» атты Естай Дәубаевтың жеке көрмесі

      Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Музейінде серіктестік жоба бойынша белгілі зергер, «Жігер» жүлдесінің лауреаты Естай Дәубаевтың «Ұсталық – ұрланбайтын қасиет» атты алғашқы жеке көрмесі өтті.
      Е. Дәубаев көптеген халықаралық көрмелер мен жәрмеңкелерге ұйымдастырушысы есебінде қатысқан. Автор Астанадағы Президенттік мәдениет орталығы, Орал қаласындағы «Алтын Орда» және Петропавл қаласындағы «Абылай хан резиденциясы» мұражай кешенінің қолданбалы-әшекей өнері экспозициясын жасауға септігін тигізген.
      Естай Дәубаевтың зергерлік бұйымдары Музейдің үш көрме залында өз орнын тапты. Үлкен көрме залында қазақ батырларының қару-жарақтары, ат әбзелдері, сондай-ақ, дәстүрлі қазақ қоғамына тән хандардың билік нышаны болып табылатын асатаяқтар мен күрзілер тамашаланды. Кіші көрме залына өңіржиек, қос білезік, шекелік, сырға, тұмар, жүзік сынды қазақ қыздарының әшекей бұйымдары қойылды. Зергерлік бұйымдардың барлығы маржан, малахит, лағыл, агат сынды таза бағалы тастармен безендірілген. Ал, үшінші көрме залында халық назарына зергердің он жыл бойы еңбектенген жаңа туындысы – сәукеле халық назарына ұсынылды.