«Жапон қуыршақтары» көрмесі

21 мамыр – 30 мамыр 2014 ж.

      «Жапон қуыршақтары» көрмесі

      ҚР Тұңғыш Президентінің Музейінде Қазақстандағы Жапон Елшілігімен бірлесе отырып, Музейдің «Мәдениет арқылы үнқатысу» халықаралық жобасы аясында ұйымдастырылған «Жапон қуыршақтары» көрмесі өтті. «Жапон қуыршақтары» көрмесінің жәдігерлері келушілерді көптеген қызықты оқиғаларға тәнті етіп, жапондық мерекелік мәдениеттің таңғажайып, ертегілік әлеміне жол ашты.
      Күншығыс еліндегі қуыршақ жасау өнері Дзёмон кезеңінен бастау алады (б.з.д. 10 000 жыл - б.з.д. 300 жыл). Жапон қуыршақтары өзінің әр алуандылығымен, бірегей орындалу әдісімен ерекшеленеді және сан ғасырлар бойы Жапонияның дәстүрлі күнтізбелік мерекелерінде лайықты орын алған. Жапонияда үшінші наурыз күні Хина мацури мерекесі – Қуыршақтар фестивалі немесе Қыздар мерекесі атап өтіледі. Осы күні бүлдіршін қыздары бар отбасыларда ерекше қуыршақтар – «хина нингё» көрмесін ұйымдастырады. Бесінші мамыр күні тойланатын Кодомо-но хи (Балалар күні) – ұл балалар мерекесі де қуыршақтарсыз өтпейді. Жасыл шұғамен жабылған арнайы сөреге гогацу нингё – сауыт-саймандағы самурайларды бейнелейтін қуыршақтар қойылады.
      Көрме қонақтары қуыршақтардың көркем сұлулығына баға беріп қана қоймай, жапондықтардың дәстүрлі шай рәсімінің қыр-сырымен танысуға мүмкіндік алды. Сонымен қатар көрмеде, ҚР Тұңғыш Президенті Музейіндегі балалар бейнелеу студиясы тәрбиеленушілерінің «Жапония Қазақстан балаларының көзімен» атты тақырыпта салған суреттері ұсынылды.