«ЖАСЫЛ ЕЛ»: ЭКОЛОГИЯЛЫҚ МӘДЕНИЕТТІ АРТТЫРУҒА БЕТБҰРЫС

Ағымдағы жылдың 5-6 сәуірінде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасында «Әлемді өзгертетін идеялар» екі күндік семинар-тренингісі өтті. Мазмұнды дәрістерге Ақмола және Алматы облыстарының 9-10 сынып оқушылары қатысты. Жобалық ойлау негіздерін, топпен жұмыс жасауды үйренген белсенділер мен оқу үздіктері семинар барысында мемлекеттің дамуына қандай үлес қоса алатындары жайлы пікір алмасты.

– Тренингтер оқушыларға көп әсер қалдырды. Олар елімізді дамытуда өздерінің жауапкершілігін сезініп, жаңа мақсаттарға қанаттанды. Балалардың дәрістер мен тренинг барысында алған ақпаратты қолдары қалт еткенде қызу талқылайтыны бұған дәлел. Семинар-тренингтің алғашқы күнінде балалар қонақүйге шаршап оралғандарына қарамастан, кешқұрым жиналып, дәріскерлер берген білімді бекітуге тырысты. Бір оқушының көшбасшылық дарыны, екіншісінің шешендік қасиеттері ашылып, балаларды жаңа қырынан таныдым. Осы тұста семинар-тренинг жастардың патриоттық сезімдерін арттыруда зор тәрбиелік рөл атқаратынын айта кеткен жөн, - деп өзінің пікірімен Алматы облысы Іле ауданының М. Мақатаев атындағы №13 орта мектебінің мұғалімі Кенжегүл Уәлиева бөлісті.

Алматы облысының Қарасай ауданы Үшқоңыр ауылындағы орта мектеп-гимназиясы орыс тілі және әдебиетінің мұғалімі Ардақ Асымова Елбасының идеялары мен бастамаларын әрбір жасқа жеткізудің маңыздылығына ерекше тоқталды.

– Балалар Елбасы кітапханасына алғаш келіп отыр. Кітапханада Мемлекет басшысына тарту етілген сыйлықтар, тарихи жәдігерлер, фото және бейне материалдар, архив құжаттары секілді бірегей материалдар сақталған. Оларға куә болған оқушылар іс-шараға қатысу мүмкіндігін иеленгендеріне қуанышты. Семинар интерактивті тәртіпте, топтық және коуч үлгілерінде өтті. Оның арқасында оқушылар «Қазақстан жолы: Мәңгілік Ел» тақырыбын терең зерделеді, - деді ол.

Семинардың алғашқы күнінде оқушылар дәрістер мен тренингтерден өтіп, елорданың көрікті жерлерін аралады. Ал іс-шараның екінші күнінде Жасыл Ел» жастар еңбек жасақтары республикалық штабының жетекшісі Тоқтар Болысовпен өткен сырлы сұхбат балалар үшін есте қаларлық кездесуге айналды.

Экологиялық мәдениетті арттыру, қоршаған ортаны аялау – басымдыққа ие міндет. Оның маңыздылығына жете назар аударатын Елбасының бастамасымен 2005 жылы «Жасыл елдің» іргетасы қаланды. Елімізді көгалдандыру, экологиялық сауаттылықты арттыру, жастарды еңбексүйгіштікке баулу жүгін арқалаған ұйымның 11 жыл ішінде қоғамға тигізген пайдасы мол. «Жасыл елдің» тізгінін ұстаған белсендінің сөзіне сүйенсек, 11 жылда еліміздің түкпір-түкпірінде 44 миллионнан астам ағаш отырғызылған. 148 мың га аумақта көгалдандыру жұмыстары жүргізілді. Ұйымның қатарында 259 мыңнан астам жас тер төккен. Олар елімізді желектендіру жұмыстарымен қатар маңызды жобаларға да атсалысқан. Оның ішінде «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық тас жолын салуға үлес қосты. 

– «Тамыр-таныссыз мансап құру мүмкін емес» деген пікір жаңсақ. Мен қоғамдық жұмыстарға мектеп қабырғасынан араласып, 18 жасымда Алматыдан Астанаға қоныс аудардым. Үйді жалдап, даяшы және саудагер ретінде жұмыс жасадым. Кейін бірыңғай «Жас ұлан» балалар және жасөспірімдер ұйымында 3 жыл бойы еңбектеніп, «Қазақстан жастары конгресіне» ауыстым. Бүгінде «Жасыл ел» ұйымының қатарында еліміздің экологиясын жақсартуға атсалысудамыз. Оның қатарындағы 30 мың сарбаз үшін жауапкершілікті сезінемін. «Туған жеріме пайдам бар ма?» және «Мені ата-анам мақтан тұта ма?» деген екі сауалды өзіме жиі қоямын. Ал жауаптың екеуі де жағымды болуы мені одан сайын ынталандыра түседі. Сенің кім болатының емес, қолға алған іс-әрекетің маңызды. Жастар мемлекеттің игілігі жолында еңбектену қажеттігін түсінген жөн. Ал еліміздің оларға берер мүмкіндіктері мол. Өзім, мәселен, «Болашақ» бағдарламасымен шетелде оқуды жоспарлап отырмын, - деді ол.

Жастар өздерін толғандырған сауалдарын қонаққа жолдап, табыстың кілті, өз-өзін дамытудың жолдарын білді. Кімнен үлгі алатынын сұраған оқушыларға «Жасыл ел» өкілі Елбасы мен әкесіне бой түзейтінін айтты. Тоқтар қоғамдық жұмыстармен қатар өзінің кәсібін дөңгелетуге де ден қойған. Бүгінде оның киім дүкендері Астана және Алматы қалаларында ашылған.

Игі дәстүрге айналған «Әлемді өзгертетін идеялар» семинар-тренингісінде дәріс алған жастарға сертификаттар мен естелік сыйлықтар тапсырылды. Марапаттау рәсімінде Кітапхана директорының орынбасары Жапсарбай Қуанышев Алматы және Ақмола облысының оқушыларына сәттілік тіледі.