«Жайық жағалауы сыр шертеді» көрмесі

25 сәуір – 30 мамыр 2008 жыл.
 
Үлкен және кіші көрме залдары.
      25 сәуірде «Алға ұмтылған Қазақстан» аймақаралық жобасы аясында Атырау облыстық тарихи-өлкетану мұражайы мен өнер мұражайының қорынан ұйымдастырылған «Жайық жағалауы сыр шертеді» көрмесі ашылды.
Атырау облыстық тарихи-өлкетану мұражайы Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің қаулысымен 1939 жылы ашылды, 1940 жылдың 5 қарашасында алғашқы келушілерін қабылдады. Мұражай Атыраудың тарихын, рухани және мәдени мұрасын зерттеу, сақтау және насихаттау жөнінде үлкен жұмыстар атқаратын мәдени орталық болып табылады. Астана тұрғындары мен қонақтарын Атырау облысының тарихымен таныстыру үшін мейлінше қызықты жәдігерлер – фотосуреттер, мұрағат құжаттары, музей құндылықтары әкелінді. Келішілер белгілі тарихи тұлғалардың – Бейбарыс сұлтанның, Исатай мен Махамбеттің, ұлы күйшілер Құрманғазы мен Дина Нұрпейісованың өмірімен және қызметімен таныса алды.
Атырау облысының өнері экспозицияда жергілікті суретшілердің кескіндемелік полотнолары мен мүсіндік композициялары арқылы ұсынылды. Адамның ішкі дүниесін, табиғаттың тамаша құбылыстарын, сондай-ақ тарихи тұлғалардың портреттік бейнелері салынған туындылар бейнелеу және көркем шығармашылық деңгейінің жоғарылығын танытады. Суретшілер М.Қалимов, М.Ғабдрахманов, М.Шарденов, Л.Қалимова, А.Құмар, С.Кәрібаев, М.Жырғал, А.Назарқұл және басқалары өздерінің жұмыстарында қазақ халқының көркем және сәндік-қолданбалы өнерінің ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан дәстүрлерін шебер пайдаланады.
Астана тұрғындары мен қонақтары Қазақстан аймақтарының тарихымен, этнологиясымен және мәдениетімен таныса алатын үлкен мәдени жобаның алғашқы бетін Атырау облысының мұражайы ашты.