ЖЕҢІС КӘКЕНҰЛЫНЫҢ «АСТАНА СУРЕТШІ КӨЗІМЕН» АТТЫ ЖЕКЕ КӨРМЕСІ АШЫЛМАҚ

2018 жылғы 20 маусымда, сағат 17.00-де Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасында танымал кескіндемеші, график, ҚР Суретшілер одағының мүшесі, публицист Жеңіс Кәкенұлының «Астана суретші көзімен» атты жеке көрмесі ашылады.

Елорданың 20 жылдығына орай, Елбасы кітапханасы еліміздің астанасынан сыр шертетін тақырыптық көрмемен іс-шаралар тізбегін жалғастырады.

Суретші Мәдениетті қолдау жылы эмблемасының авторы (2000 ж.), 2009, 2010 жж. Президент стипендиясының лауреаты. Семей қ. Невзоровтар әулетінің музейінде, сондай-ақ АҚШ-тың Нью-Йорк қаласында көпшілік назарына ұсынылған оның жұмыстары жұртшылықтың оң пікіріне ие болды.

Жеңіс Какенұлының суреттері Қазақстанмен қатар Ресей, Молдова және Түркия елдерінің жеке топтамаларында сақтаулы. Бүгінде ол – Елбасы кітапханасының бас суретшісі.

Суретшінің жұмыстарында жыл мезгілдері, қаланың сол жағалауындағы «Асыл тас», «Солтүстік шұғыласы», «Қазақстан Темір Жолы», «Астана триумфы» кешені, «Транспорт Тауэр» ғимаратының силуэті, күмбезді «Неке сарайы» іспетті т.б. ғимараттар көрініс тапқан. Оның суреттеріндегі Астана шынайы бейнесімен көз еліктіріп қана қоймай, қолданбалы қазақ сәндік өнерінің нақыштарымен ерекшелене түскен. Кескіндемешінің авторлық фотосуреттері үлкен қызығушылыққа ие.

Жеңіс Какенұлы сурет, графика, компьюарт сынды түрлі бағыттарда жұмыс істейді. Оның шығармашылығы рухани үйлесімділікке, поэзиялық бейнелер мен сезімдердің үндестігіне ұмтылған. Әрбір жұмысы қайталанбас бірегейлікке ие суретші туындыларының топтамасы көрермендерді рухани сусындатпақ.

«Астана суретші көзімен» көрмесі 2018 жылдың 10-шы шілдесіне дейін жалғасады.

Мекенжайымыз: Астана қ., Ә.Бөкейхан көш. 1