Жиырма жылда алғаш рет. Алматы қаласындағы «Н. Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» көрмесінің салтанатты ашылуы

Үстіміздегі жылдың 10 қарашасында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік орталық музейінде Елбасы кітапханасының «Н. Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» көшпелі жобасы басталды. Жобаның барлық іс-шаралары Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні және Тәуелсіздік күні мерекелеріне орай ұйымдастырылды.

Жобаның бірегейлігі еліміздің астанасын ауыстырған сәттен бастап алғаш рет Мемлекет басшысының Жеке архиві, Елбасы кітапханасы және музейінің материалдарын Алматы қаласының қалың жұртшылығы назарына ұсынуда болып отыр.

Жобаның басты оқиғасы 10 қараша күні Қазақстан Республикасының Мемлекеттік орталық музейінде салтанатты ашылған Елбасы кітапханасы жинағының «Н. Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» қор көрмесі болды.

Көрменің мақсаты – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының тәуелсіз Қазақстанның тағдырындағы рөлін жүйелі түрде кеңінен көрсету.

Көрменің ашылуы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік күзет қызметі Президенттік оркестрінің сүйемелдеуінде құрметті қарауыл әскери ротасының дефилесімен басталды. Шараға танымал мемлекет және қоғам қайраткерлері, оңтүстік астананың тұрғындары мен қонақтары қатысты.

     

  

Қазақстан Республикасы Президенті Кеңсесінің бастығы – «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының кітапханасы» ММ директорының міндетін атқарушы Махмұт Қасымбеков салтанатты рәсімді ашқан алғы сөзінде:

– Көрмеге бірегей жәдігерлер мен өнер туындылары, тәуелсіздік жылдары Президенттің қолы қойылған маңызды құжаттардың түпнұсқасы, сонымен қатар ел өмірінің әртүрлі тарихи сәттерінен сыр шертетін фотоматериалдар қойылған. Екінші қабатта Н. Ә. Назарбаев марапатталған 50-ден астам шетелдік жоғары мемлекеттік наградалары ұсынылған. Бүгінгі көрме оңтүстік астананың мәдени өміріндегі елеулі оқиғалардың бірі болады деп сенеміз, – деп атап өтті.

Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы өз сөзінде:

– Алматы қаласындағы «Тәуелсіздіктің алтын бесігі» көрмесінің ерекше маңызы бар. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың есімі мен бастамалары тәуелсіз Қазақстанның жетістіктерімен тығыз байланысты. Тарихтың өлшеулі ғана мерзімінде біздің еліміз әлем мойындаған тиімді экономикалық және саяси түбегейлі өзгерістерді жүргізе білді. Қазақстан мәдениеті әлем мәдениетінің құрамдық бөлігіне айналды. Мемлекет басшысы «Рухани жаңғыру» бірегей бағдарламасына бастамашылық жасады, –деді.

Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек көрменің ұйымдастырылуына алғысын білдірді:

– Бүгінгі шара Алматы қаласы үшін үлкен, көптен күткен және аса құрметті оқиға, ал алматылықтар үшін зор мәртебе болды. Себебі Қазақстан тәуелсіздігінің алғашқы жылдарында тағдырымызды шешкен тарихи маңызы бар шешімдер осында қабылданған. Атап айтсақ, Мемлекеттік тәуелсіздік туралы Конституциялық заңға қол қойылды, Конституция қабылданды, мемлекеттік рәміздер бекітілді, ұлттық валюта енгізілді. Қазақстанның Тұңғыш Президентінің алғашқы сайлауы, сондай-ақ Қазақстан Президентінің алғашқы ұлықтау рәсімі де Алматы қаласында өтті.

– Аталмыш көрме Елбасымыздың тұлғалық қасиеттерін аса көрнекті тарихи қайраткер ретінде және оның зайырлы Қазақстанның дамуы мен қалыптасуындағы рөлін кең көлемде ашады. Елбасының қызметі – Отаны мен халқына қалтқысыз қызмет етудің жарқын үлгісі. Ең қиын жылдарда мемлекет тағдырын өз жауапкершілігіне алып, оны таңғажайып биікке көтерді. Қазақстан Тұңғыш Президенттің басшылығымен аз уақыт ішінде әлемдік қауымдастықта зор беделге ие болды. Әлеуметтік-экономикалық үдерістердің дамуы азаматтардың әл-ауқатын жақсартуды қамтамасыз етті. Елбасының даналығы мен саяси көрегендігі, жігерлі шешімдерінің арқасында мемлекетіміз басқа елдерге үлгі болатындай халықтар достығы мен бейбіт өмірдің шынайы мысалына айналды. Тәуелсіздік пен Президент ажырамас біртұтас түсінікке ұласты, – деп сөзін тәмамдады Бауыржан Қыдырғалиұлы.

Көрмеге келушілердің назарына Елбасы кітапханасының мұрағат, кітап, музей қорларының материалдары ұсынылды. Олардың қатарында Н. Ә. Назарбаевтың шетелдік мемлекет басшыларынан берілген жоғары мемлекеттік наградаларының, Қасиетті Құрандардың бірегей жинақтары, мемлекет басшыларының және қазақстандық авторлардың қолтаңбасымен сый кітаптар, сондай-ақ Н. Ә. Назарбаевтың шет тілдеріне аударылған еңбектері бар. Көрмені 50 мыңнан астам алматылықтар тамашалайды деп күтілуде.

Көрме ашылған күні барлық қонақтарды түрлі іс-шараларға толы бағдарлама күтуде. Сағат 14.00-де «Ғылыми-білім беру қызметіндегі инновациялық жұмыс түрлері» (Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының жұмыс тәжірибесінен) семинары өтті. Семинар барысында музей педагогикасы қызметінің, жобалық жұмыстарының және қазақстандық рухани жаңғыру тұрғысында білім беру және мәдени-ағарту мекемелері арасындағы өзара тығыз байланыстардың өзекті мәселелері талқыланады. Сағат 19.00-де Республика сарайында көрме жобасының ашылуына орай Қазақстан Республикасының Мемлекеттік күзет қызметі Президенттік оркестрінің есеп беру концерті болды.

Бүгін Алматы қаласында басталған Елбасы кітапханасының жобасы сарапшылар қауымдастығы, ғалымдар, мәдениет және білім беру саласы мамандарының кездесуі өтетін айрықша алаңға айналғалы отыр. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік орталық музейінде, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде, Қазақ ұлттық аграрлық университетінде ғылыми конференциялар мен семинарлар жоспарланған.

Көрменің барлық жұмыс күндері оңтүстік астанамыздың тұрғындары мен қонақтары тақырыптық және шолу экскурсияларын тыңдап, Елбасы кітапханасы қызметінің бағыттарымен жан-жақты таныса алады.