2018 жылдың 11 мамырында Елбасы кітапханасында еліміздің ғылым мен шығармашылық саласының дамуына елеулі үлес қосқан табысты жандардың образын жастар арасында дәріптеуді көздейтін «Менің табысымның тарихы – елімнің табысының тарихы» шығармашылық кездесуі өтті. Шара Қазақстан халқы Ассамблеясымен бірлесе ұйымдастырылды.

Спикерлер ретінде «100 жаңа есім» жобасының жеңімпаздары, сондай-ақ республикаға танымал қоғам қайраткерлері шақырылды. Шараға жоғары оқу орнының студенттері, мектеп оқушылары, ғылым мен мәдениеттің жас қайраткерлері қатысты.

Елбасы кітапханасы директорының орынбасары Әмірхан Рахымжанов шараны ашқан алғы сөзінде:

– Өздеріңізге белгілі болғандай, «100 жаңа есім» жобасын жүзеге асыру үшін онлайн дауыс беруімен үміткерлерге 1,5 миллион отандастарымыз қолдау көрсетті. Қорытындысында 102 жеңімпаз анықталды, олардың қатарында еліміздің тәуелсіздік жылдарында түрлі салаларда үлкен нәтижелерге қол жеткізген барлық өңірлерден, жас ерекшелігі мен ұлты әртүрлі жандар бар. Бұған қоса, Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асқан «100 жаңа есім» жобасы жалғасуда және әрқайсыларыңыз осы жобаның келесі жеңімпазы болуға лайықтысыздар. Сіздер – жассыздар. Жастық жалын алға ұмтылуға қанат бітіруі тиіс. Біздің мемлекетімізде сіздерге барлық жол ашық, зор мүмкіндіктер сіздерден іске асыру құлшынысын күтуде. Сонымен қатар, елімізді жаңғыртуға бағытталған Елбасы жолдауындағы бес әлеуметтік бастама – жастардың қалыптасуы мен дамуы жолына мықты демеу болмақ. Қазіргі таңда елімізде рухани әрі зияткерлік дамығандығыңды көрсетуге барлық мүмкіндіктер жасалған. Бүгінгі «Жаңғыру жолы» республикалық жастар қозғалысының аясында өткізіліп отырған «100 жаңа есім» жобасының жеңімпаздарымен шығармашылық кездесу біздің жастарымызды жұмылдыруға жасаған бір қадам болатынына сенімдімін.

Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары – Президент Әкімшілігі Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Леонид Прокопенко «100 жаңа есім» жобасының маңызына тоқталды:

– Жобаның әрбір жеңімпазының тарихы – құдды бір көркем шығарма немесе фильмнің дайын сценарийі тәрізді. Олардың әрқайсысының қалыптасуы мен қол жеткізген табыстары – тәуелсіз Қазақстан тарихының жетістігі. Осы жылдар ішінде олар өздерінің маңдай терімен және бойларына біткен дарындылықтарымен болашаққа даңғыл жол салды, «Жаңғыру жолы» бағдарламасында негізделген өз ұстанымдарының жарқын үлгісіне айналды. «100 жаңа есім» бұл Елбасы сясатының нақты адамдардың өміріне сыйғызылған 100 нақты қадамының нәтижесі. Дәлірек айтсақ, бұл тәуелсіздіктің 26 жылында Президентіміздің жүргізіп келе жатқан игілікті ісі. Сондықтан да бүгін біз өзіне және өз күшіне сенетін, еліміздің жетістігіне атсалысатын қазақтандықтардың заманауи, мобильді, бәсекеге қабілетті жаңа толқыны қалыптасқанын көріп отырмыз. «100 жаңа есім» – өскелең ұрпақ үшін үлкен сабақ, табысқа жетудің 100 алгоритмі. Шындығында, «100 жаңа есім» жобасы – қазақстандық асыл армандардың орындалуы.

Кездесудің модераторы – «Жаңғыру жолы» республикалық жастар қозғалысы басшысының орынбасары, ҚХА мүшесі, «Нұр Отан» партиясы интернет порталының басшысы Тимур Жұрымбаев жастар қозғалысының басты ерекшеліктеріне қатысушылардың назарын аударды:

– «Жаңғыру жолы» республикалық жастар қозғалысы осы жылдың наурыз айында Қазақстан халқы Ассамблеясының жанынан құрылды. Жастар қозғалысының мақсаты – «Рухани жаңғыру» сынды маңызды жобаларды жүзеге асыруға қазақстандық жастарды жұмылдыру. Бүгінгі кездесу ынталандыру, ой бөлісіп, пікір алысатын алаң түрінде өткізіліп отыр, яғни «100 жаңа есім» жобасының жеңімпаздары мен жастар арасында ашық әңгіме өрбіді. Біз жастарды биік мақсаттарды бағындыруға ынталандыруды көздейміз.

«100 жаңа есім» жобасының жеңімпаздары өз сөздерінде жетістіктерінің сырымен бөлісті, алға қойған мақсатқа жетудің жолдарын көрсетті, жастарға пайдалы кеңестерін ұсынды.

Исламбек Салжанов – Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары, қазақстандық кәсіпкер, меценат және қоғам қайраткері, «Алтын Қыран» компаниялар тобының бас директоры және «Altyn Kyran» халықаралық қайырымдылық қорының президенті 90-жылдардың басында қолға алған өз кәсібінің тарихы туралы баяндады:

– 90-жылдардың басы өте қиын кезең болды: кеңестік экономиканың құлдырап, екінші деңгейлі банктер мен жеке меншіктің болмауы тоқырауға әкеліп соқтырды, тіпті тәжірибемен бөлісетін жан болмады. Біз бәрін де «нөлден» бастадық. Мен өз кәсібімді «алып-сатарлықтан» бастадым деп айтуға ешқашан қысылмаймын. Алайда біздің жарқын болашаққа деген сеніміміз зор болды. Ең бастысы – ешқашан жеңілмеу керек.

Көкшетау гуманитарлық-техникалық лицейінің директоры, қазақ тілі мен әдебиетінің оқытушысы Наталья Дементьева жастармен жұмыс жасаудың негізгі бағыттары жөнінде айтып берді.

Өз кезегінде Назарбаев университеті ғылым және технология мектебінің химия докторанты Анар Мөлкенова қатысушыларға Жапониядағы оқу нәтижелері мен Кремниев алқабында өткен тағылымдама, Жас ғалымдар альянсындағы қызметі туралы әңгімелеп, қазақ тіліне аударылып жатқан кітаптардың маңыздылығына ерекше тоқталды.

Мектепті де, жоғары оқу орнын да қазақ тілінде тәмамдадым. Сондықтан да әлемнің ең үздік ғылыми туындыларының мемлекеттік тілге аударылып жатқаны қуантады. Жетістікке жетуде ең маңыздысы – табандылық пен жігерлілік, еңбексүйгіштік пен биік мақсатқа деген құлшыныс. Танымал саясаткерлермен қатар, өзіңнің айналаңдағы қарапайым жандардан да үлгі алуды үйрену қажет. Заманауи қазақстандық жастар өте ашық және талантты. Солардың қатарында тәжірибеге шыңдалған үлгі тұтарлық өкілдер аз емес.

Кітапхана ісі мен IT-технологиясы салаларын біріктіру жөнінде ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы басшысының міндетін атқарушы Нұржан Жолдыбалинов сөз алды:

– Менің мақсатым – кітапханалардың имиджін көтеріп, заманауи кітапханашылардың жұмысын көрсету. Менің жетістігімнің басты құпиясы – маған кітап оқу мен жаңа технологиялар сынды өмірімдегі екі сүйікті ісімді біріктіру бақыты бұйырды.

Барлық спикерлер өз сөздерінде кітап оқудың маңыздылығын атап өтті. Залдан қойылған ең үздік сұраққа баяндамашылар өте тиімді деп санайтын кітаптар тарту етті. Бұған қоса, шығармашылық кештің барлық құрметті меймандары Елбасы кітапханасына бүгінгі кештен естелік ретінде «Қазақстан халқы» энциклопедиясын сыйға берді.