2019 жылғы 11 маусым күні, 17.00 сағатта Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасында (Ә. Бөкейхан көшесі, 1) ас ішуге арналған корей таяқшаларының «K-Chopsticks: Connection» көрмесі ашылады.

Көрме Қазақстан Республикасы мен Корей Республикасы арасындағы стратегиялық әріптестіктің орнауының 10 жылдығына арналған. Аталған іс-шара Елбасы кітапханасының «Мәдениет арқылы үнқатысу» атты халықаралық көрме жобасы аясында Қазақстан Республикасындағы Корей Республикасы Елшілігінің Корей мәдени орталығымен бірлесе отырып, Чончжу қаласы әкімдігінің және Чончжу қаласының мәдени өндірісті ілгерілету қорының қолдауыменен ұйымдастырылған.

 «K-Chopsticks: Connection» ас ішуге арналған корей таяқшаларының көрмесі келушілерді корей тамақтану мәдениетімен, сондай-ақ әрқайсысы өнер туындысы болып табылатын асхана аспаптарының бірегей топтамасымен таныстырады. Экспозицияда шебер Ким Сонхоның сырланған асхана аспаптары; шебер Ли Чонгуктың Пунди бұрышты ағашынан жасалған таяқшалары; шебер Ли Сордың асхана аспаптарына арналған тысқаптары; шебер Пак Сангтэнің «Юги» дәстүрлі корей қоласынан жасалған асхана аспаптары; сонымен бірге Чончжу қаласының тарихынан сыр шертетін өнер бұйымдары ұсынылады. 

Жалпы көрме экспозициясына 46 Чончжу қаласының қолданбалы өнер шебері дайындаған 400-ге жуық жұмыс қойылады. Бұған дейін аталған туындылар 2017 жылы Бангкок қаласында (Тайланд) және 2018 жылы Сидней қаласында (Аустралия) өткен көрмелерге қойылған болатын.

2019 жылғы 12 маусым күні Қазақстан Республикасындағы Корей Республикасы Елшілігінің Корей мәдени орталығында (А.Иманов көшесі, 11) арнайы таныстырылу шеберлік сабақтары өтеді, әрбір келуші қалауы бойынша өзінің жеке ас ішу таяқшаларын дайындай алады. 

«K-Chopsticks: Connection» ас ішуге арналған корей таяқшаларының көрмесі 2019 жылғы 11 тамызға дейін жалғасады