Бүгін - ядролық қаруға тыйым салу үшін күрестің символына айналған Хиросима күнін барша әлем атап өтуде. Мыңдаған тұрғындар өмір сүрген жапон қаласын жер бетінен тып-типыл қылған 1945 жылдың сұмдық оқиғасы адамзат жадында мәңгілікке сақталады. Көлемі жағынан алапат ядролық қаруды сынаудың жан түршігерлік зардабын қазақстандықтар да басынан өткерді. Қазақстанның Семей өңірінде болған жаһандағы ең ірі ядролық сынақ полигонының қасіреті осы күнге дейін ұмытылмай келеді. Қазақ халқының бірнеше ұрпағы бұл «жауыздықты»  басынан кешірді.

Семей ядролық сынақ полигоны 1991 жылғы 29 тамызда жабылды. Бұл шешім – елімізді жаппай қырып жоятын қаруға қарсы тұратын мемлекет ретінде танытып, оң имидж қалыптастырған Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың кең танылған бейбіт бастамаларының алғашқысы болды. Елбасы өзінің «Тәуелсіздік дәуірі» атты кітабында «Егемен Қазақстанның тұңғыш мемлекеттік актісі бүкіл планетаға біздің еліміздің ядролық қатерден азат, бейбіт өмірге ұмтылысын паш етті», - деп еске алады.

Семей полигоны қызметінің тарихы, ядролық сынақтың жан түршігерлік зардабы, сондай-ақ, ядролық қарудан бас тартуға негізделген жалпыға ортақ қауіпсіздікті қамтамасыз етуге сіңірген Қазақстан мен оның басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың жеке басының қосқан үлесі туралы Елбасы кітапханасындағы «Н.Назарбаев – жаһандық антиядролық қозғалыстың лидері» экспозициясы кең көлемде баяндайды.

Экспозиция инновациялық мультимедиялық технологиялардың кешенін ұсынады, мұнда Елбасы кітапханасының архивтік материалдар, музей жәдігерлері мен кітап қорларының толық кешені, сондай-ақ қызметкерлердің кешенді ғылыми-зерттеу және жинақтау жұмыстарының нәтижелері ұсынылған. Көрмедегі ядролық қарусыздану мен оны таратпау ісіне қосқан үлесі үшін Н.Ә.Назарбаевқа берілген шетелдік марапаттар ерекше орынға ие.

Тұтас экспозициялық кеңістік - «Мебиус лентасы» бейнесін пайдалану тұжырымдамалық шешімі арқылы  жүзеге асты. Мебиус лентасының тұжырымдамасы күрделі дәуірдің түбегейлі өзгеріске ұшыраған үзіліссіз уақыт ағымын білдіреді.

1992 жылы Н.Ә.Назарбаев Лиссабон хаттамасына қол қойды. Қазақстан Ядролық қаруды таратпау туралы шартқа қосылды. 2009 жылғы 2 желтоқсанда БҰҰ Бас ассамблеясының 64 сессиясы Елбасының бастамасымен 29 тамызды халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күні деп жариялау жөнінде Қазақстан ұсынған қарарды қабылдады. Елбасы халықаралық диалог алаңдарында бірқатар бастамаларды ұсынды, солардың бірі – Жалпыға бірдей ядросыз әлем декларациясын қабылдау идеясы.

2016 жылдың көктемінде Вашингтонда өткен ядролық қауіпсіздік жөніндегі 4-ші саммит барысында Н.Ә.Назарбаев пленарлық отырыстың негізгі баяндамашысы ретінде ядролық қауіпсіздіктің жаһандық архитектурасы тақырыбында сөз сөйледі. Ол Карнеги Қоры алаңында Қазақстанның ядролық қаруға қарсы бастамаларына жаһандық қауымдастықтың назарын аудартқан «Әлем. ХХІ ғасыр» Манифесін жариялады. «Бейбітшілік. ХХІ ғасыр» Манифесі ұзақ мерзімге арналған жаһандық ядролық қаруға қарсы іс-әрекеттің жаңа тұғырнамасы болып табылады. Елбасының осы бастамалары әлемде жоғары бағаға ие болды.

2016 жылдың қарашасында Елбасы Хиросимаға сапар шекті. Ол қала тұрғындарымен кездесіп, Бейбітшілік мемориалдық саябағындағы нысандарда болды. Сол күні оған «Хиросима қаласының айрықша құрметті азаматы» арнаулы атағы салтанатты түрде тапсырылды.

 «Осы жерде, Хиросимада тұрып, атом бомбасы жарылысының бар қасіретті салдарын көре отырып, бүкіл әлем көшбасшыларын ядролық сынақтардан бас тартуға,  атом қасіретінің қайталануына жол бермеуге шақырамын», - деді барша жаһандық қоғамдастыққа кезекті үндеуін жолдаған Нұрсұлтан Назарбаев.