«АДАМҒА ТАБЫН, ЖЕР, ЕНДІ» ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ОНЛАЙН КӨРМЕСІНІҢ АШЫЛУ САЛТАНАТЫ

12 сәуір күні сағат 10.00-де астананың оң жағалауындағы Елбасы кітапханасының музейінде (Бейбітшілік көшесі,11) «Адамға табын, жер, енді» онлайн режиміндегі көрменің ашылуы өтеді. Шара Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы және Юрий Гагаринның ғарышқа ұшуының 60 жылдығы мен Тоқтар Әубәкіровтің ғарыштағы алғашқы сапарына 30 жыл толуына арналады. 
Көрме ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен оның Аэроғарыш комитетінің, «Қазақстан Ғарыш Сапары» «ҰК» АҚ, «Республикалық ғарыштық байланыс орталығы» АҚ, Ақтөбе, Қызылорда және Солтүстік Қазақстан облыстары әкімдіктерінің, Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану мұражайы мен Ақтөбе облыстық планетарийінің, Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінің, Солтүстік Қазақстан облыстық музей бірлестігінің, «Роскосмос» мемлекеттік корпорациясының, Қазақстан Республикасындағы Россотрудничество Өкілдігінің, Космонавтика музейінің (Мәскеу қ.) және С.П. Королев (Житомир қ.) атындағы Ұлттық космонавтика мұражайының қатысуымен қолға алынды.
Көрме атауы Олжас Сүлейменовтің ғарышты бағындырған адамзатты әйгілеп, күллі әлемнен сүйінші сұраған «Адамға табын, жер, енді» поэмасынан алынып отыр. Поэма үш тақырып бөлімнен тұратын ауқымды көрменің лейтмотивіне айналды: «Жер жағалауы», «Жер. Байқоңыр ғарыш айлағы», «Жер. Алғашқылардың уақыты».
Іс-шара барысында Ресей Федерациясының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Алексей Бородавкиннің және Космонавтика мұражайы (Ресей, Мәскеу қ.) мен С.П. Королев атындағы ұлттық космонавтика мұражайы (Украина, Житомир қ.) өкілдерінің бейнеүндеулері көрсетіледі. Сонымен қатар, тікелей эфирге Қазақ КСР Халық жазушысы Олжас Сүлейменов қосылады. «Адамға табын, жер, енді» қойылымын «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театры мен М. Горький атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театрының әртістері орындайды. 
Көрме базасында ашылған сәттен бастап ағымдағы жылдың мамыр айының соңына дейін интерактивті жалпыға ортақ бағдарлама іске асырылатын болады. Оған әлеуметтік желілердегі тікелей онлайн-трансляциялар, тақырыптық экскурсиялар, мұражай сабақтары және мұрағаттық бейнехроника көрсету сеанстары кіреді.
Көрменің ашылуына байланысты материалдармен Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының әлеуметтік желілері мен сайтында (www.presidentlibrary.kz)  танысуға болады. Көрмені тамашалауға байланысты сауалдарды мына телефон нөмірлері арқылы анықтауға болады: 75 12 96; 75 12 92; 69 30 44; 69 30 41.
Көрме 2021 жылдың 31 мамырына дейін жалғасады.