АҚТӨБЕДЕН КЕЛГЕН ЖАС ПАТРИОТТАР ЕЛБАСЫ КІТАПХАНАСЫНА САЯХАТ ЖАСАДЫ

Жазғы уақытта Қазақстанның көптеген тұрғындары еліміздің саяси және мәдени орталығы – Бас қалада болуға тырысады. Олар Нұр-Сұлтанның сәулет нышандарын өз көздерімен көріп, көрнекі жерлерге саяхаттағысы келсе, ал туристік фирмалар тұрғындар, оның ішінде оқушылар үшін елордаға арнайы турлар ұйымдастыруда. Әлбетте, қаланың ең көркі келіскен ғимараттарының бірі - осыдан бес жыл бұрын танымал британдық сәулетші Норман Фостердің жобасы бойынша бой көтерген Тұңғыш Президент-Елбасы кітапханасы орналасқан Назарбаев орталығы.

Ғимараттың екінші және үшінші қабатында президенттік экспозиция, Елбасының жоғары мемлекеттік марапаттары мен интерактивті білім беру орталығы орналасқан. Ал, үшінші қабатта Нұрсұлтан Әбішұлы студенттік кезден бастап жинақтаған, қазіргі уақытта кітап қоры 30 мың дананы құрайтын Елбасының Жеке кітапханасы орналасқан. Кітап экспозициясы үш галереядан тұрады: «Жеке топтамалар», «Тәуелсіз Қазақстан», «Әлемдік көркем әдебиет». Бұдан басқа Елбасының үй кітапханасы да бар.

Жоғарыда аталған Елбасы кітапханасының архивтік, кітап, музейлік қорларындағы жәдігерлермен танысу мүмкіндігі жаздың соңғы айында елордаға саяхаттап келген ақтөбелік оқушыларға да бұйырды. Қазақстан тәуелсіздігі тарихынан, оның Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың өмірі мен еңбек жолынан сыр шертетін көрмелер мен экспозицияларға, еліміз бен Елбасын жаһандық саяси аренада танылуының нышаны іспетті жәдігерлерге балалар үлкен қызығушылық танытты. Өзге замандастары тәрізді ақтөбелік оқушылар да тәуелсіздік жылдарындағы Қазақстанның спорттық жетістіктерінің тарихы туралы мағлұмат беретін қазақстандық чемпиондардың спорттық олжаларының үлкен топтамасын ұсынған экспозицияларға баса назар аударды. .

Жас жеткіншектердің шаттана айтқан сөздеріне зер салсақ, Елбасы кітапханасына саяхат олардың бойындағы патриоттық сезімдерді оятып, болашақта еліне қызмет ету үшін, мүмкін толағай табыстарымен барша әлемге Қазақстанның даңқын асыру үшін ерінбей білім алуға, қабілеттерін одан әрі дамытуға шабыттандырыпты.